Қазақстандықтарға шенген визасын алу арзандауы мүмкін
Фото: depositphotos.com
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Еуропалық одақпен визалық режимді жеңілдету бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айбек Смадияровтың айтуынша, келіссөздер процесі ұзаққа созылады, себебі бұл үдеріске Қазақстан ғана емес, Шенген аймағына мүше барлық 27 ел де қатысады. Осыған байланысты ол виза алу үшін құжат тапсырып жатқан қазақстандықтарды ереже сақтап, қажет ақпаратты шынайы түрде ұсынуға шақырды.
"Визалық режимді жеңілдету бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұл – өте күрделі әрі кешенді үдеріс. Оған Қазақстан және Шенгеннің барлық елдері қатысады. Жалған құжаттар, фейк анықтамалар көп анықталып жатыр немесе берілген мәліметтер сапардың нақты мақсатына сәйкес келмейді. Бұл жайттар жеке азаматтың ғана емес, болашақта Шенген елдеріне барғысы келетін барлық азаматтарымыздың беделіне әсер етеді", –деді Смадияров.
Сондай-ақ Айбек Смадияров консулдық алымның қайтарылу мүмкіндігі туралы да айтты.
"Бұл – әлемдік тәжірибе, ешбір елде консулдық алым қайтарылмайды. Біз қазір осы алымды азайту жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алда әлі талқыланатын көптеген мәселелер бар. Менің ойымша, біз еуропалық әріптестерімізбен ортақ мәмілеге келеміз", – деді СІМ өкілі.
Айта кетейік, қазір консулдық алым ересектер үшін – 90 еуро (52 567 теңге), балалар үшін – 45 еуро (26 283 теңге) көлемінде белгіленген.
Еске салсақ, Қазақстандықтарға шенген визасын алуды жеңілдету үшін Еуроодақ келіссөзге дайын екенін растаған еді.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
