Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шоу-бизнесте жаңа үрдіс: Қазақстанда қандай танымал жұлдыздар хиджабын шешті

Айдана, Сажол мен Сымбат Абайқызы, Жанель Мақажан
Фото: IG / _sajol / janellemakajan / aidanamedenova_officialpage

Кейінгі уақытта қазақстандық шоу-бизнесте жаңа үрдіс байқала бастады. Бірқатар танымал блогерлер мен өнер иелері хиджабтарын шешіп, бұрынғы образдарына оралып жатыр. Бұл қадам әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік арасында түрлі пікір туғызды. Stan.kz осы уақыт аралығында орамалын шешкен танымал жандарға шолу жасады.

 

Molyajan 

Алғашқылардың бірі болып орамалын танымал блогер Мөлдір Жиенбаева шешті. Ол орамалды 2025 жылғы қыркүйекте шешкенін айтып, бұл өзінің жеке жолы екенін түсіндірді. Блогер сыртқы келбет өзгергенімен, сенімінен бас тартпағанын және әлі де дінін құрметтейтінін жеткізген. Сондай-ақ көпшіліктен таңдауына түсіністікпен қарауды сұрады.

“Бұл қадамға келу оңай емес. Ұзақ ойландым, жүрегімді тыңдап өзімді түсінуге тырыстым. Шешім қабылдау да оңай емес. Мен оны бір күнде немесе бір айда шешкен жоқпын. Бұл іс-әрекетімді біреулер түсінбеуі мүмкін. Кейбірі қабылдап, қолдау білдіреді. Ең бастысы – өзімді алдамау, адал болу”, – деп жазды блогер. 

Aeka Posh

Мөлдір Жиенбаеваның артынша бір айдан кейін блогер әрі актриса Айым Алтынбекова да хиджабын шешті. Ол былтыр қазанда әлеуметтік желідегі парақшасында орамалсыз тұрған фотоларын жүктеп, қысқа жазба қалдырды.

“Хиджаб тағып жүргенде өте көп әңгіме болып еді. Енді болмайтын шығар ондай. Айналамның мейірімге толғанын қалаймын. Ешкімнен қолдау немесе кеңес күтпеймін. Жай ғана құрмет көрсетсеңіздер екен. Бұл – менің жолым. Бұл жолымда ешкімге ештеңе дәлелдемеймін”, – деп жазды блогер.

Эммануэлла Наурызбаева

Ақтөбе мешітіндегі даулы жайттан кейін танымалдылыққа ие болған қазақстандық блогер Эммануэлла Наурызбаева орамалын былтыр қарашада шешті. Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында шашын өзге түске боятқанын айтып, видео жариялаған. Ал кейінірек әлеуметтік желідегі парақшасында жаңажылдық кештегі образын көрсетіп, сурет жүктеді. Алайда блогердің бұл жазбасы желі қолданушыларына жақпай қалды, ол көкірегі ашық көйлегі үшін сынның астында қалды.

Айдана Меденова

Биыл жыл басында “КешYOU” тобының экс-солисі Айдана Меденова орамалын шешті. Ол біраз уақыт бойы мұсылмандық стильге сай киініп, орамалды сәнмен үйлестіріп жүрген еді. Кейін жаңа әндері мен шығармашылық жобаларына байланысты көпшілік алдына басқа образда шыға бастады. Ол желідегі жазбаларының бірінде әр адамның өз таңдауы бар екенін айтып, біреуді сырттай айыптауға асықпауға шақырды. 

Әнші кейінірек хиджабын не үшін шешкенін түсіндірді.

“Қазір мен өзімді шынайы әлсізбін деп айта аламын. Мен әлсіздік таныттым, өйткені мен өнерге құмармын. Маған өнер тағы да басқа эмоциялар беретінін түсіндім. Адамда нәпсі деген бар. Өмірде әртүрлі кезеңдер болады. Қазіргі кезеңде маған өнер керек болып тұр”, – деді ол.

Сымбат Абайқызы

Биыл сәуірде Абай Бегейдің қызы, блогер Сымбат Абайқызы орамалын шешті. Блогердің жеке өміріне қатысты жаңалықты оның енесі Ақмарал Қонақбаева әлеуметтік желідегі парақшасында айтқан. Сондай-ақ Сымбат Абайқызы Ақтаудағы киім дүкендерінің бірінің парақшасында жарияланған видеода көзге түсті. Кадрлардан оның орамалсыз жүргенін анық байқалды.

Өнер иесінің қызына қатысты бұл жаңалық желіде екіұдай пікір қалыптастырды. Бір тарап оны хиджабты ойыншыққа айналдырды деп сынады. Ал екінші тарап мұны әркімнің жеке таңдауы деп бағалады.

Кейінірек Сымбат Абайқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, әркімнің өз жолы бар екенін айтты. Сондай-ақ ол бұл шешімін қолдап жатқан жандарға алғыс білдірді.

“Әр адамның өз жолы, өз сынағы бар. Мен де өз жолыммен жүріп келе жатқан пендемін. Түсіністік танытып, құрметтеп, қолдап жатқан барша жанға көп рақмет”, – деп жазған ол.

Ерке Ниязқұлова

Абай Бегейдің кіші қызынан кейін үлкен қызы Ерке Ниязқұлова да көпшілік талқысына түсті. Ол ұзақ уақыт бойы орамал таққан қыздардың бірі ретінде танылып келген. Алайда сәуір айының соңында отбасы мүшелерімен бірге түскен “Айналайын” әнінің бейнебаянында шашын ашық көрсетіп шықты. Желіде біреулер Ерке мен сіңлілерінің образын жоғары бағаласа, енді бірі мұны хайппен байланыстырды.

Ал Ерке Ниязқұлованың өзі көпшіліктен бұл шешімді қандай да бір жағдаймен, бейнебаянмен немесе белгілі бір адаммен байланыстырмауды сұрады. Ол жұртты өзгенің таңдауына құрметпен қарауға шақырды.

“Сіздерге үлкен өтінішім бар. Орамалды қандай да бір жағдайға, бейнебаянға, адамға байланыстырып, өз ойларыңызбен түрлі ақпарат құрастырмаңыздаршы! Мен ересек адам ретінде өзіме ғана байланысты нәрсе туралы шешім қабылдадым. Біреу киді, біреу шешті, ол адамдарда менің шаруам жоқ, болмаған да. Әркім өз басына ғана жауап береді. Менің қазіргі күйімді қабылдап, құрметтеп, түсіністік танытуларыңызды ғана сұраймын”, – деп жазды ол.

Әсел Жамақаева

Ayumi тобының бұрынғы әншісі Әсел Жамақаева да орамалсыз жаңа бейнесін жариялаған өнер иелерінің қатарында. Ол бұл шешіміне қатысты жазбасында жұрттан артық мақтау да, орынсыз сөз де айтпауды сұраған. Әнші мұндай кезеңнің адам үшін оңай емес екенін аңғартты.

Sajol

Көпшілікке Sajol лақап атымен танымал блогер Сымбат Қасымова да жақында парақшасында орамалсыз түскен видеосын жариялап, өмірінде жаңа кезең басталғанын меңзеді. Жазбасындағы батыл сөздері де оқырмандардың назарынан тыс қалған жоқ. Желі қолданушылары Сымбат Қасымованың бұл шешімін екіұдай қабылдады. Кейбір қолданушылар кейінгі кезде “орамал ойыншыққа айналды” деп жазды. Мұндай пікірлерді блогер де жауапсыз қалдырмады.

“Қатты кигім келді, кидім. Шешкім келді, шештім. Болды. Оның несі түсініксіз? Біраз уақыттан кейін қайта кигім келсе, тағы да орамалға келемін. Өмір болған соң адам өлгенше өзімен, өз ойларымен күреседі. Бастысы сол күресте жеңілмей, адам болып шығу”, – деп жауап берген ол.

Жанель Мақажан

Бірнеше күн бұрын актриса Жанель Мақажан да хиджабын шешті. Ол желідегі парақшасында видео жүктеген, ал кадрлардан оның орамалсыз жүргені анық көрінеді. Актриса жазбасында қазір той жүргізу және ұзату саласына белсенді кірісіп жатқанын жазған.

“Біз сіздердің қуанышты сәттеріңізді абыроймен, қызық әрі әсерлі етіп өткізуге дайынбыз. Тойларыңыз болса, хабарласыңыздар”, – деді ол.

Бұған қоса, ол жазбасының пікір қалдыру бөлімін жауып қойған.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 15 Маусым, 2026 14:20