Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаудағы жартастарға тарихи тұлғалардың бейнесін қашап салу ұсынылды

Жартастар
Фото: Lada.kz

Ақтаудағы Жартасты соқпаққа  Қазақстанның белгілі тарихи тұлғаларының бейнесін қашап салу ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде жартастарға тарихи тұлғалардың бейнесі қашалған видео тарады. Бастама авторының ойынша, мұндай ескерткіштер қала көркін аша түсіп, туристерді қызықтыратын жаңа орынға айналуы мүмкін. Желі қолданушыларының көбі бұл ұсынысты қолдап, жергілікті билікті оған назар аударуға шақырған.

"Керемет идея! Осындай бейнелерді сол жерден көрсек, өте жақсы болар еді", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Алайда бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы шыққандар да бар. Олардың пікірінше, Каспий жағалауының табиғаты онсыз да ерекше. Сондықтан күмәнді сәулет жобалары үшін табиғи жартастарды бүлдіруге болмайды.

Бұл бастама АҚШ-тағы әйгілі Рашмор тауын еске салады. Оңтүстік Дакота штатында орналасқан тауға елдің төрт президенті – Джордж Вашингтон, Томас Джефферсон, Теодор Рузвельт және Авраам Линкольннің бейнесі қашалып салынған. Әр мүсіннің биіктігі шамамен 18 метрге жетеді. Бүгінде бұл ескерткіш АҚШ-тың танымал туристік орындарының бірі саналады.

Еске салсақ, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда әлеуметтік желіде танымал болу үшін тарихи және табиғи орындарды бүлдіру деректері жиілегенін мәлімдеген еді. Ведомство жартастарға жазу жазу, табиғи ескерткіштер мен тарихи нысандарды бүлдіру заң бұзушылық екенін ескерткен. Мұндай әрекеттер үшін Қылмыстық кодекстің 294-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.

Stan.kz
Жұма, 30 Қазан, 2026 10:17