Сарапшылар Қазақстан экономикасының өсімі баяулайды деп болжады
Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы Қазақстан экономикасының 2026 жылғы өсім болжамын 4,8 пайыздан 4,6 пайызға дейін төмендетті. Сарапшылар мұны өнеркәсіп, сауда және көлік салаларындағы өсімнің баяулауымен байланыстырады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан экономикасы өсіп жатқанымен, оның қарқыны біртіндеп бәсеңдеп келеді. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында елдің жалпы ішкі өнімі 4,2 пайызға артқан. Ал 2027 жылы экономикалық өсім 4,7 пайызға дейін жеделдеуі мүмкін. Бұған өнеркәсіп пен құрылыс салаларының дамуы, сондай-ақ инвестиция көлемінің артуы әсер етеді деп күтіледі.

Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы 2026 жылғы орташа инфляция болжамын да аздап жақсартты. Бұған дейін бағаның орташа өсімі 10,4 пайыз болады деп болжанса, енді бұл көрсеткіш 10,3 пайыз деп бағаланып отыр. 2027 жылы инфляция 8,9 пайызға дейін баяулауы мүмкін.
Басқа ұйымдардың болжамдары бұдан өзгеше. Еуразиялық даму банкі Қазақстан экономикасының 2026 жылы 5,5 пайызға, Азия даму банкі 4,8 пайызға өсетінін күтеді. Ал үкіметтің болжамы бойынша, экономикалық өсім 5,4 пайыз болуы мүмкін.
Еске салсақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өскен.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге алынса, Қазақстан экономикасына қалай әсер ететіні туралы жазған едік.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді