Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әр адамға 145 мың теңгеден": Тайвань экономикалық өсімнен түскен табысты халықпен бөлісетін болды

халық
Фото: Cheng Chia Huang / Getty Images

Тайваньның 2027 жылғы бюджетінде экономикалық өсімге байланысты азаматтарға бір реттік төлем жасау қарастырылған. Оған 235,7 миллиард тайвань доллары (7,4 миллиард АҚШ доллары) бөлінбек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Taipei Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әр азаматқа 10 мың тайвань доллары (шамамен 313,89 доллар) беріледі. Бұл қаражат мемлекеттік бюджеттің жалпы шығынына енгізіледі. Төлемдер бюджет тапшылығын арттырмайды және мемлекеттік қарыздың өсуіне әкелмейді.

Егер бюджет жыл соңына дейін бекітілсе, азаматтар 10 мың тайвань долларын 2027 жылғы Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылға дейін алуы мүмкін. 

Тайвань экономикасының биылғы бірінші жартыжылдықтағы өсімі 14,15%-ға жеткен. Бұл – соңғы 50 жылдағы осы кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш.

Тайвань президенті Уильям Лайдың айтуынша, ел экономикасы бұрын болжанғаннан да жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Бірінші тоқсандағы экономикалық өсім 15,43%-ға жеткен.

Ал екінші тоқсанда экономика 12,93%-ға өскен. Осылайша, Тайвань экономикасы 10%-дан жоғары нәтижес көрсетіп, қатарынан үшінші тоқсанда өсіп отыр.

Президенттің айтуынша, экономиканың өсуіне ең алдымен жартылай өткізгіштер өндірісі, ақпараттық технологиялар және өндіріс саласы ықпал етіп отыр. Оған қоса, жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеу жүйелері мен сервистерге әлемдік сұраныстың артуы да Тайвань экономикасына оң әсерін тигізіп жатыр. 

Лай келесі жылдың бюджетінде бес негізгі бағытқа басымдық берілетінін айтты. Олар: жалақыны көтеру, салықты азайту, әлеуметтік қолдауды кеңейту, азаматтардың қаржылық жүктемесін төмендету және инфрақұрылымды дамыту.

Мәліметке сәйкес, Тайвань үкіметінің шығыны 2016 жылы 1,9 триллион тайвань долларынан (59,5 миллиард доллар) 2026 жылы 3,93 триллион тайвань долларына (123,3 миллиард доллар) дейін өскен.

Уильям Лайдың айтуынша, он жыл ішінде мемлекеттік шығындардың екі ес артуы Тайваньның ұлттық әлеуетінің өскенін көрсетеді.

“Технология экономикаға серпін беріп, экономика мемлекетті нығайтсын, ал елдің дамуы халықтың күнделікті өміріне оң әсер етсін”, – деді президент.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы экономикасы үшін жарықсыз өткен бір минуттың құны шамамен 71 миллион теңгеге тең екенін жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 15:13