Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-да 112 миллион теңгеге мемлекеттік бағдарламаға арнап салынған жаңа үйлер апатты деп танылып сүріліп жатыр

жаңадан салынған үйлер апатты

Фото: time.kz

Солтүстік Қазақстан облысында оңтүстіктен көшіп келетін азаматтарға арнап салынған 14 үй бұзылып жатыр. Құны 112 миллион теңгеге жуық баспаналар құрылысы аяқталғаннан кейін-ақ апатты деп танылып, бірнеше жыл бойы бос тұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевка қаласында оңтүстіктен көшіп келетіндерге арнап салынған 14 үй бұзылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, баспаналар шамамен 6-7 жыл бұрын салынғанымен, сол күйі бос тұрған. Кейін үйлер апатты деп танылып, орнына құрылыс техникасы кіріскен. Қызығы, әр үйдің құрылысына шамамен 8 миллион теңге жұмсалған. Осылайша, 14 үйдің жалпы құны 112 миллион теңгеге жуықтаған. Ал сол уақытта ауылдан көшкен тұрғындар өздері тұрып келген жақсы үйлерін 4 миллион теңгеге де сата алмаған. 

Шал ақын ауданының әкімдігі үйлердің не себепті бұзылғанын қысқаша түсіндірді. Ресми жауапқа қарағанда, баспаналар техникалық тексеруден кейін апатты деп танылған.

"Аталған үйлер техникалық тексеру актісіне сәйкес апатты деп танылуына байланысты бұзылды. Қазір аумақты тазарту және құрылыс қалдықтарын шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы күндері қоқыс толық шығарылып, жер телімі ретке келтіріледі", – деп хабарлады әкімдік.

Мәліметке сүйенсек, үйлер құрылыс жұмыстары аяқтала салысымен апатты деп танылған. Яғни, адамдардың ол баспаналарға қоныстануы өміріне қауіп төндіруі мүмкін болған. Содан бері бос тұрған үйлерді енді әкімдік бұзуға шешім қабылдаған. Алайда жауапты шенеуніктер 14 үйдің сапасыз салынуына кім жауап беретіні, бюджет қаражатының қалай жұмсалғаны және бұзу жұмыстарына қажетті техниканың ақшасы қайдан төленетіні туралы түсініктеме бермеген. Бұл мәселелерді енді құзырлы органдар анықтауы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысындағы құрылыс мәселесі Пресновка ауылында да болған. Мұнда жетім балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және көпбалалы отбасыларға арнап салынған үйлердің қабырғасын қара зең басып, қыста бөлмелердің іші қатып қалған. Ал кәріз жүйесіндегі ақаулардан жағымсыз иіс тұрғын үйлерге тараған.

Тексеру кезінде Жамбыл ауданындағы тоғыз мемлекеттік мекемеден жалпы сомасы 10,4 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталған. Оның 94 пайызы ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тиесілі болған.

Сонымен қатар ауданда құны 1,5 миллиард теңгеге жуық 138 жаңа үй мен пәтер бірнеше жыл бойы бос тұрған. Ал жеті келісімшарт бойынша талапқа сай келмейтін үйлерге 264 миллион теңге артық төленген.

Пресновкадағы септиктер де дұрыс салынбаған. Жер асты суы жақын болғандықтан, резервуарлар суға толып, кейбір мердігерлер жұмысты аяқтамай кеткен. Тіпті тұрғындар қоныстанған үйлердің құжаттары да толық рәсімделмеген.

Аудит қорытындысынан кейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметінен босатылып, материалдар облыстық прокуратураға жіберілген.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 30 Қазан, 2026 11:41