Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Польшада сот үшін саяси тартыс күшейді: Үкімет екі судьяны қылмыстық жауапқа тартпақ

Польша наразылық
Фото: EPA/Shutterstock

Польшада билік пен Конституциялық трибунал арасындағы тартыс ушығып, елдің сот жүйесінде үлкен дау туындады. Үкімет екі жоғары лауазымды судьяны қызметінен шеттетіп, қылмыстық жауапқа тартуға кіріскен. Ал трибунал мұны мемлекеттік төңкеріс әрекеті деп бағалап, сот ғимаратының алдына наразылық білдірушілер жиналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ел билігі соттың төрағасы Богдан Свенчковский мен оның орынбасары Бартош Соханскийді қызметінен шеттетіп, қылмыстық жауапқа тартуды көздеп отыр. Үкімет судьялар соттың жұмысына кедергі келтіріп жатыр деп есептейді. 

Польша әділет министрі әрі бас прокурор Вальдемар Журек екі судьяны қызметінен айыру туралы өтініш берген. Оның айтуынша, сот қалыпты жұмыс істеуі үшін ондағы жағдайды өзгерту қажет.

Бұл оқиғаға байланысты трибунал ғимаратының алдына наразылық білдірушілер жиналды. Кейбірі полиция қоршауынан өтуге тырысқан. Полиция үш адамды ұстады.

Дауға бұрынғы билік кезінде тағайындалған судьялар себеп болып отыр. "Құқық және әділет" партиясы 2015-2023 жылдары билік құрған кезде Конституциялық трибуналға өзіне жақын судьяларды тағайындаған. Кейін Еуропаның екі жоғары соты бұл тағайындаулардың бір бөлігін заңсыз деп танып, Польша трибуналының тәуелсіздігіне күмән келтірген.

2023 жылы билікке келген Дональд Туск сот жүйесін саясат ықпалынан арылтуға уәде берген. Алайда бұрынғы билік енгізген өзгерістерді толық жоя алмады. Бұған президенттердің үкімет бастамаларына вето қоюы да кедергі болған.

Қазір президент Кароль Навроцкий парламент сайлаған бес судьяны ант қабылдатудан бас тартып отыр. Ол оларды іріктеу кезінде заңбұзушылықтар болуы мүмкін екенін алға тартқан. Ал Венеция комиссиясы президентке судьяларды ант қабылдатуға кеңес берген.

Заңгер Марцин Матчак үкіметтің қазіргі әрекеттерін де сынға алды. Оның пікірінше, Конституциялық трибунал төрағасын қызметінен шеттетуге заңды негіз жоқ. 

"Менің ойымша, бүгін Конституциялық трибуналға қатысты жасалған әрекеттер бұл органның да, алдағы жиырма жылдағы заң үстемдігі мәселесінің де болашағына балта шабады", – деп жазды профессор Матчак әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, қарулы полицияның сот ғимаратына келуі және әділет министрінің өз шешімімен Конституциялық трибунал төрағасын қызметінен шеттете алатыны туралы түсіндірмелер заң үстемдігіне ұзақ жылдар бойы кері әсер етуі мүмкін.

Ал Дональд Туск сот жүйесіндегі заң үстемдігін қалпына келтіру үкіметтің міндеті екенін мәлімдеді. Сонымен бірге кейбір сарапшылар бұл даудың келесі жылы өтетін парламент сайлауы қарсаңында саяси мәні бар екенін айтады.

Еске салсақ, Биыл 17 қазанда Францияның түкпір-түкпірінде жаппай наразылық акциялары өткен еді. Мұнда қымбатшылық пен мемлекеттік шығындардың қысқаруына қарсы кәсіподақтар, студенттер және “сары жилеттер” қозғалысының өкілдері де шеруге шықты.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 31 Қазан, 2026 10:39