Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Испанияда үйден шығарылуы жаппай наразылыққа ұласқан 87 жастағы әйел қайтыс болды

Марикармен Абаскаль
Фото: GETTY IMAGES

Испанияда жалдау ақысын төлей алмағаны үшін үйінен шығарылған 87 жастағы Марикармен Абаскаль көз жұмды. Оның оқиғасы елде жаппай наразылық туғызып, тұрғын үй дағдарысын саяси мәселеге айналдырған. Кейін Испания билігі мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Мадридтегі жалға алушылар одағы Абаскальдың қазасы туралы хабарлап, оның басынан өткен жағдайды “ел тарихындағы бетбұрыс” деп атады.

Марикармен өзі тұрған пәтерде 70 жылдан астам уақыт өмір сүрген. Ұзақ жыл бойы айына 500 еуро жалдау ақысын төлеп келген.

Алайда 2018 жылы бұл үйді Urbagestión инвестициялық компаниясы сатып алып, жалдау ақысын бірден 2650 еуроға көтерген. Кейін компания бағаны 1650 еуроға дейін түсіруге келіскен, бірақ зейнеткердің ай сайынғы табысы небәрі 1350 еуро болғандықтан, бұл соманы да төлеуге шамасы жетпеген.

Компания әйелді үйден шығару үшін бірнеше рет сотқа жүгінген. Алғашқы үш әрекетті сот тоқтатқан. Төртінші рет, 23 қыркүйекте, 87 жастағы әйелді үйінен зембілмен алып шыққан. Осыдан кейін ол ауруханаға түскен.

Адвокаттарының айтуынша, Абаскаль жүйкесі сыр беріп, қатты әлсіреген.

Бір адамның тағдыры бүкіл елді көшеге шығарды

Зейнеткердің үйінен шығарылуы Испания қоғамында үлкен резонанс туғызды. Елдің бірнеше қаласында ондаған мың адам көшеге шығып, жалға алушылардың құқығын күшейтуді талап етті.

Наразылық білдірушілердің басты талабы – күрт қымбаттап кеткен жалдау бағасына тосқауыл қою және осал топтағы азаматтарды күштеп үйден шығарудан қорғау болды.

Наразылық акциясы
Фото: EPA

Қоғамдық қысым күшейгеннен кейін Urbagestión компаниясы Абаскальды бұрынғы пәтеріне қайтаруға келіскен. Жаңа келісім бойынша, ол бұрынғы мөлшерге жуық жалдау ақысын төлеуі тиіс еді.

Алайда бұл келісім орындалмай жатып, әйел көз жұмды.

Тұрғын үй мәселесі саяси дағдарысқа ұласты

Марикармен Абаскальдың оқиғасынан кейін премьер-министр Педро Санчес үкіметі парламентке тұрғын үй саласына қатысты екі заң жобасын ұсынды.

Олардың бірі азаматтарды 2030 жылға дейін күштеп үйден шығаруға шектеу қоюды көздеді. Сондай-ақ билік тұрғын үйлерді жаппай сатып алатын ірі инвестициялық қорлардың ықпалын азайтуды ұсынған.

Бірақ Санчес үкіметінің парламентте басым көпшілігі жоқ. Депутаттар ұсыныстарды қолдамады.

Оңшыл партия өкілдері бұл бастамалар меншік иелерінің құқығын шектейді деп мәлімдеді.

Осыдан кейін, 5 қазанда Педро Санчес Испанияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтетінін жариялады. Сайлау 29 қарашаға белгіленді.

Испания банкінің есебі бойынша, елде шамамен 700 мың пәтер мен үй тапшы.

Былтыр тұрғын үй бағасы 12,2% өскен. Ал Мадрид пен Барселонада пәтер жалдау құны орта есеппен әр шаршы метрге 23-24 еуроға жеткен.

Испанияның Ұлттық статистика институтының мәліметінше, 2024 жылы жалдамалы пәтерде тұратын азаматтардың 28,1%-ы табысының 40%-дан астамын баспана шығынына жұмсаған.

Еуроодақ бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен 19,2%.

Осылайша, бір зейнеткердің баспанадан айырылуы Испаниядағы қордаланған тұрғын үй мәселесін ашық көрсетіп, әлеуметтік наразылықты саяси дағдарысқа ұластырды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 13:55