15 тонналық автобусты тісімен сүйреген Артық Досалиев әлемдік рекорд орнатты
Қазақстандық пауэрлифтер Артық Досалиев салмағы 15 тонна болатын автобусты тісімен 20 метрге сүйреп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Спортшы үшін бұл жай ғана көпшілікті таңғалдыруға арналған әрекет емес. Ол өзінің күш-қуатын сынап, жетістігін халықаралық деңгейде мойындатуды мақсат еткен.
Артық Досалиев бұған дейін де ерекше күш сынағында көзге түскен. Былтыр ол жалпы салмағы 120 тонна болатын теміржол құрамын орнынан қозғап, шамамен 22 метрге сүйреп, Қазақстан рекордын орнатқан еді.
Бұл жолғы әлемдік рекордын спортшы қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арнаған.
“Бүгінгі рекордымды аты аңызға айналған күш атасы, бәрімізге үлгі болған Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арнаймын. Кезінде ол адамдарды арбаға отырғызып, арбаны тісімен сүйреген. Бүгін мен сол өнерді қазіргі жағдайда қайталап көрдім. Нәтижені Global Records өкілдері ресми түрде растады. Бала кезімнен спортпен айналысамын. Қазір балаларым мен шәкірттерімді жаттықтырып жүрмін. Жастарды пауэрлифтингпен айналысуға, шынығып, күшті болуға және спорттық өмір салтын ұстануға ынталандыруға тырысамын”, – деді Артық Досалиев.
Сынаққа Global Records өкілі арнайы қатысып, нәтижені тіркеді. Рекорд расталғаннан кейін спортшыға тиісті сертификат табысталды.
Әлемдік рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицер Қуандық Құдайбергеновтің сөзінше, қазақстандық спортшы бірден төрт шетелдік рекордшының нәтижесінен асып түскен. Олардың арасында Ресейдің екі спортшысы, Украина өкілі және Мысыр рекордшысы бар.
“Бұл – күш сынаудан орнатылған әлемдік рекорд. Артық Досалиев бірден төрт спортшының нәтижесін жаңартты. Біріншіден, ол автобусты бұған дейінгі рекордшылардан ұзағырақ қашықтыққа – 20 метрге сүйреді. Екіншіден, автобустың салмағы алдыңғы рекордтарда пайдаланылған көліктерден ауыр болды. Бұл – ағзаға түсетін өте үлкен физикалық күш. Мұнда ең алдымен аяқтың күші қажет, сонымен қатар жақ сүйек пен бүкіл ағзаға орасан салмақ түседі”, – деді Қуандық Құдайбергенов.
Ерекше күш сынағын көпшілік тамашалады. Нәтижесінде Артық Досалиев 15 тонналық автобусты тісімен 20 метрге сүйреп, жаңа әлемдік рекордтың иесі атанды.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық Артық Досалиев 120 тонналық бес вагонды сүйреп, рекорд жаңартқан еді.
Пауэрлифтингтен әлемнің бес дүркін және Азияның сегіз дүркін чемпионы Артық Досалиев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай рекорд жаңартты. Ер адам 100 жеңіл көліктің салмағынан да көп жүкті сүйреді. Спортшы 2 минут 57 секундта 21 метр 40 сантиметр жүкті сүйреп шықты. “Гиннес рекорды кітабы” халықаралық ұйымының өкілдері 52 жастағы ер адамның рекорд жаңартқанын растады.
"Су ішер алдында "Бисмиллах" деп айт": Алматыдағы Urbo Coffee діни насихат жүргізді деп айыпталды
