"Бізде ондай шектеулер жоқ": Министрлік Aitu қосымшасын ресейлік MAX мессенджерімен салыстыру орынсыз екенін айтты

Қазақстандық Aitu мессенджерін ай сайын 1 миллионнан астам адам қолданады. Мұны жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, бұл көрсеткішке мессенджердің жеке қолданушылары кіреді. Сонымен қатар платформаны жұмыс үдерісінде пайдаланатын корпоративтік клиенттер де бар.
Коняшкиннің сөзінше, Aitu жеке компанияның өнімі, мемлекеттік жоба емес.
“Aitu жеке компанияның өнімі, мемлекеттік жоба емес. Министрлік әзірлеушімен байланыста болып, қызметті дамыту бойынша ұсыныстар береді. Аitu-да журналистер салыстырған ресейлік MAX мессенджеріндегідей шектеулер жоқ. Оның үстіне Аitu-ды MAX мессенджерімен салыстыру орынсыз. Бізде басқа мессенджерлер немесе шетелдік өнімдер секілді шектеу шаралары жоқ. Әрбір азамат өзіне ыңғайлы, өзі үшін құнды санайтын өнімді еркін таңдай алады”, – деді Коняшкин.
ОқыңызМессенджер қызметінен бөлек, Aitu жаңалықтар таспасын, музыкалық және басқа да контент түрлерін ұсынады. Сонымен қатар Коняшкин ведомствоның App Store мен Google Play-дегі пікірлерді тексермейтінін айтты.
Aitu ұлттық мессенджері туралы не белгілі
Aitu – қазақстандық тегін жедел хабар алмасу сервисі. 2018 жылы іске қосылған. Ол пайдаланушыларға мәтіндік және дауыстық хабарламалар алмасуға, дауыс және бейнеқоңыраулар жасауға, суреттер, құжаттар, геолокация және басқа да деректер жіберуге мүмкіндік береді. Платформада көптеген ойын-сауық контенттері бар. Мәселен, танымал қазақстандық "Salem Social Media" студиясы Aitu-ға өз сериалдарын жүктеген.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі IT саласына көңілі толмайтынын айтып, жеке деректермен байланысты ұлттық мессенджер Aitu-ға көшіруді тапсырды. Кейін мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін осы сервиске қосылуға міндеттелді.
"Еркекке айналып, жас қыздармен қатынасқа түседі": Қазақстандық әйелдер түрмедегі былықтарды жайып салды