Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сенат төрағасы бюджеттің орындалуын талқылау кезінде шенеуніктерге ескерту жасады:

Сенат төрағасы
Фото: senate.parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев үкімет квазимемлекеттік сектордың болашағына қатысты нақты ұстаным қалыптастыруы керек екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік компаниялар саны артып жатқанымен, жекешелендіру қарқыны айтарлықтай баяулаған. Ал мемлекеттік құрылымдардың одан әрі кеңеюі жеке бизнестің экономикадағы орнын тарылтуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Республикалық бюджеттің орындалуын талқылау кезінде Мәулен Әшімбаев мемлекеттің бизнестегі рөлінің күшеюі мәселесін көтерді. Оның сөзінше, квазимемлекеттік сектор мен даму институттарын қаржыландыруға бөлінетін шығындар жылдан-жылға көбейіп келеді. Соның нәтижесінде мемлекеттің экономикадағы үлесі де артып отыр.

“Егер қандай да бір құрылым болса, ол міндетті түрде өседі. Оған қаржы бөлініп, тұрақты түрде қаражат құйылса, аппараты да, жобалары да кеңейеді. Сәйкесінше, квазимемлекеттік сектор мен даму институттарын қаржыландыруға кететін шығындар да ұлғая береді. Бұл – табиғи үдеріс”, – деді Әшімбаев.

Сонымен қатар ол мемлекеттік компаниялардың мемлекет басымдық танытуы тиіс емес салаларда жеке бизнеспен бәсекеге түсіп жатқанын айтты. 

Сенат төрағасы Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сүйеніп, 2025 жылы жекешелендіру қарқыны төмендегенін айтты. Ол бірнеше жыл бұрын қабылданған экономиканы ырықтандыру жөніндегі тапсырмаларды еске салды.

“Мемлекет басшысының бірнеше жыл бұрын қабылдаған экономиканы ырықтандыру туралы жарлығының күші жойылған жоқ. Алайда жекешелендіру бағытында айтарлықтай ілгерілеуді көріп отырған жоқпыз. Квазимемлекеттік сектор кеңейіп келеді. Оның қаржыландыру көлемі де ұлғайып жатыр. Мұны 2025 жылғы бюджеттен анық байқауға болады”, – деді Сенат спикері.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар да бизнеспен бәсекеге түсіп жатыр

Әшімбаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың да белсенді дамып жатқанын айтты. Оның пікірінше, мұндай жағдай шағын және орта бизнестің дамуын тежейді.

“Бүгінде шағын және орта бизнес үлкен қысым мен күйзеліс жағдайында жұмыс істеп жатыр. Мұны кәсіпкерлердің өздері де айтып жүр”, – деді ол.

Осыған байланысты Сенат төрағасы үкіметті мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың нақты өкілеттіктерін айқындауға, экономикадағы мемлекет пен жеке сектор арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін жүйелі тәсіл қалыптастыруға шақырды.

“Бұл енді теориялық мәселе емес. Бұл – экономикамыздың тиімділігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе”, – деді Әшімбаев.

Оның пікірінше, мемлекеттің экономикадағы үлесін одан әрі арттыру мәселесі мемлекеттік органдардың ішінде ғана талқыланбауы керек. Бұл үдеріске бизнес өкілдері, сарапшылар және кәсіпкерлер қауымдастығы да қатысуы қажет. Өйткені сөз елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігі туралы болып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қордан бөлінген қаржы көшелерді жарықтандыру мен ауылдық клубтарға жұмсалғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 13:35