Шымкентте тұрғын жаңа әуежайда намаз оқитын орын жоқ екеніне шағымданды
Шымкентте тұрғын қаладағы жаңа әуежайда намаз оқитын орынның болмағанына шағымданды. Айтуынша, оған намазды рейс күтетін жердегі дәлізде оқуды ұсынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғын әуежайдың видеосын желіде жариялады.
“Міне, мына жерде барлығы рейстің ұшуын күтіп отыр. Мынау зал, ал намазды маған осы жерде оқуды ұсынып отыр”, – деп жазды ол.
Ер адам Шымкенттегі жаңа, үлкен әрі әдемі, оның үстіне халықаралық әуежайда намаз оқитын орынның болмауын сынады.
“Намаз оқитын арнайы бөлме қарастырылмаған. Өкінішті. Менің бұл жазбама жаман пікір қалдырып жатқандар бар. Алайда қараңыздар, мынау Алматы әуежайынан. Мұнда ерлер мен әйелдерге арналған екі намазхана бар. Оның әрқайсысында дәрет алуға арналған қолжуғыштар да қарастырылған”, – деп қосты ол.
Желі қолданушылары мегаполистегі жаңа әуежайдың кемшіліктерін талқылады.
“Мұнда ана мен бала бөлмесі де жоқ. Күту орнында немесе дәретханада отырып емізуге тура келеді”, “Бұл дұрыс емес намазхана болуы керек”, “Иә, осындай ыңғайсыздықтар бар”, – деп жазды жұртшылық.
Stan.kz тілшісі тұрғынның шағымына байланысты Шымкент қаласының әуежайынан пікір сұрады.
“Намаз оқитын жердің жоқ екені рас. Бізде әлі ашылатын обьектілер бар. Бұл бізде әзірге жоспарда жоқ. Терминал салынған кезде жер мамандары, архитекторлар, барлық мамандар келісіп, арнайы келісім алып барып жоба жасалып салынған. Бәлкім діни басқармадан сұраным болмады немесе әуежайда намаз оқитын жердің болуы міндеттерде жазылмаған. Міндетті деген талап та еш жерде жоқ. Дегенмен инвесторларымызбен бұл сауалды да көтердік. Бізде әлі әуежайда ашылмаған обьектілер көп. Бірінші орында ана мен балаға арналған арнайы орын ашпақпыз. Үшеуін ашайын деп жатырмыз. Одан кейін жолаушыларға демалатын орындар ашылады. Осы міндеттер орындалған соң бұл сауалды қарастыратын боламыз”, – деді әуежай өкілдері.
Астанада әкімдік электрлі велосипедтер сатып алу үшін бюджеттен 2,3 миллиард теңге жұмсаған
