"8 тоннадан асатын көліктерге тыйым": Түркістан облысында жүргізушілер айыппұл көбейіп, жұмыстары тоқтағанына шағымдануда

Түркістан облысында жүргізушілер 8 тоннадан асатын көліктерге тыйым салатын белгіні алуды өтініп, наразылықтарын білдірді. Айтуларынша, заңсыз белгінің кесірінен айыппұл көбейіп, жұмыстары тоқтап қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақбұлақ ауылында жүк көліктерінің жүруіне қатысты жағдай ушықты. Кейбір тұрғындар ауыл ішінен өтетін ауыр көліктерге қарсылық білдіріп, жолды жауып, тіпті тас лақтырған. Осыдан кейін жергілікті әкімдік елді мекеннің кіреберісіне салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салатын жол белгісін орнатқан.
Алайда құрылыс материалдарын тасымалдайтын жүргізушілер бұл шешіммен келіспейді. Олардың айтуынша, олар заң талаптарын сақтап, тиісті құжаттармен жұмыс істеп жүр.
"Біз заң аясында жүріп жатырмыз, жүгіміз де нормадан аспайды. Құжаттарымыз түгел. Қарамұрт, Қорғаншы, Ақсу ауылдары арқылы емін-еркін өтіп жүрміз. Ешкім тиым салып жатқан жоқ. Тек Ақбұлақ ауылына кіргізбей отыр. Бұл – бізге түсініксіз жағдай. Бұл белгіден өтсек, полиция хаттама толтырады. Елді мекен ішінен басқа өтетін жол жоқ. Ал ауыл сыртындағы уақытша айналма жол жүруге жарамсыз екенін жеткізді”, – деді жүргізушілер.
Жүргізуші Жаһангер Амантаевтың айтуынша, үкіметтің балансындағы жол болса, жақсылап жөндеуін жасап беруі керек.
“Мұнда қосымша “жүк көліктеріне тыйым салынады, айналма жол бар” деген жазуы және бағыт көрсететін белгі болуға тиіс. Ақбұлақ ауылының әкімі кәсіпкерлер мен жүргізушілерге “жолды өздеріңіз жасап алыңыздар” деп айтты. Яғни бұл мәселені біздің мойнымызға жүктеп отыр", – деді Жаһангер Амантаев.
ОқыңызАл ауыл әкімі барлығы заңды екенін жеткізді. Жүргізушілер үшін салынған арнайы жолмен жүрсін деп отыр.
“Ақбұлақ ауылында 2021 жылы құзырлы орган өкілдері, аудан әкімдігі және жергілікті тұрғындардың келісімімен ауыр жүк көліктеріне арналған айналма жол салынған. Бұл жол мемлекет балансында болмаса да, жүргізушілердің қозғалысын жеңілдету мақсатында арнайы жасалған. Қазір бұл бағытпен жүруге ешқандай шектеу жоқ екені айтылады”, – деді Ақбұлақ ауылының әкімі Нұрлыбек Сәрсенәлиев.
Алайда жергілікті жүргізушілер мәселе толық шешілмегенін айтып, наразылық білдіруде. Олар жергілікті билікке сенім азайғанын жеткізіп, енді Ішкі істер министрлігіне ресми түрде шағымданбақ.