Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев бірқатар заңға қол қойды

Тоқаев заңға қол қоюда
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірден үш заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент қол қойған заңдардың бірі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы". 

Құжат аңшылық саласын дамытуға және жануарлар дүниесін басқаруда заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталған. Қабылданған шаралар қатарында аңшылыққа қойылатын талаптарды күшейту, жабайы жануарларды қолдан өсіруді дамыту, жануарлар санын реттеу тетіктерін жетілдіру, сирек кездесетін түрлерді қорғау, сондай-ақ шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде қосымша экологиялық талаптарды енгізу бар.

Сонымен қатар Тоқаев "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға да қол қойды. 

Түзетулер аңшылық ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуді, сондай-ақ үй жануарларына жауапты қарау бағытындағы талаптарды арттыруды көздейді. Кейбір нормалар экологиялық бақылауды күшейтуге және табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың алдын алуға бағытталған.

Президент қол қойған үшінші заң "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы". 

Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мадиев бұған дейін түзетулер байланыс операторларына арналған жаңа ережелерді көздейтінін түсіндірген еді. Атап айтқанда, спутниктік интернетті реттеу режимі енгізіліп, шетелдік операторлар тарапынан спутниктік байланыс қызметтерін көрсету тәртібі белгіленеді.

Еске салсақ, бұған дейін елімізде “телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына сәйкес қазақстандықтарға нөмірі мен смартфонын бөгде адамға беруге тыйым салынатыны туралы жазған едік. Өзгерістің мақсаты – байланыс нарығындағы тәртіпті күшейту. Билік "сұр" телефондардың санын азайтып, IMEI нөмірін ауыстыру және бөтен нөмірлерді пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық схемалардан азаматтарды қорғауды көздеп отыр.

Дана Русланқызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 22:19