Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ауыл жолдарын цементтен салуды ұсынылды

шалшық жол
Фото: Видеодан скрин

Мәжіліс депутаттары шалғай ауылдардағы жол мәселесін шешу үшін асфальттың орнына цемент негізіндегі жолдар салуды ұсынып отыр. Олардың айтуынша, мұндай технология жол құрылысын 6-10 есе арзандатып, елді мекендерді аудан орталықтарымен тиімді байланыстыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Бірінші Еуразия" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжіліс депутаттары ауылдық жолдарды асфальтбетонның орнына цемент негізіндегі материалдардан салуды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, мұндай жолдар арзанырақ әрі ұзақ қызмет етеді. Мысал ретінде шетелдік тәжірибе келтірілуде: аумағы кең елдерде жол салуда балама материалдар сәтті қолданылып келеді.

Депутаттар осы тәсіл енгізілсе, әрбір елді мекенді аудан орталығымен немесе қаламен көлік қатынасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады деп есептейді.

"Жаңбырдан кейін жағдай осындай. Барлық көлік тоқтап тұр, жол мүлде жоқ. Трактор жібердік. Бірақ трактордың өзі батпаққа батып қалды. Жолды айналып өтуден басқа амал жоқ", – дейді тұрғындардың бірі.

Павлодар облысының Ертіс ауданындағы Ресеймен шекаралас Майқоңыр ауылында асфальт жол ешқашан болмаған. Аудан орталығына тек қара жол арқылы жетуге болады. Жаңбырлы күндері, қыста және көктемгі шалшық уақытта бұл жермен жүру өте қиын. Осындай жағдай Қызылқақ пен Голубовка ауылдарының арасындағы жолда да кездеседі. Екі елді мекенді байланыстыратын 42 шақырымдық жолдың басым бөлігі қиыршық тас пен ой-шұңқырдан тұрады. Аудан әкімдігі биыл оның бір бөлігін жөндеуге уәде берген.

Шетелде шалғай ауылдардағы жол мәселесін үнемді тәсілмен шешеді. Қымбат асфальттың орнына цемент, топырақ, қиыршық тас және құм қоспалары пайдаланылады.

Мұндай технология АҚШ-та, Қытайда және Германияда кеңінен қолданылады. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қазақстанда да осы тәжірибені енгізуді ұсынады.

"Асфальтсыз, тек жергілікті топырақ пен цементтің көмегімен салынатын жолдардың артықшылығы лардың құны асфальт жолдарға қарағанда 6-10 есе арзан. Сонымен қатар мұндай жолдар бұзылуға өте төзімді. Жоғары да, төмен де температураларда өз сапасын жоғалтпайды", – дейді  Ирина Смирнова.

Депутаттар шалғай ауылдарда асфальтсыз жол салу бойынша пилоттық жобаны іске қосуды, сондай-ақ "Ауыл жолдары" бағдарламасын қабылдауды ұсынып отыр. Бағдарламаның басты қағидасы – кез келген бағамен шақырым қуалау емес, әрбір ауылдың аудан орталығына қатынауын қамтамасыз ету. Алайда бұл үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Себебі қазіргі талаптар бойынша "жол" ұғымы көбіне асфальтпен тікелей байланыстырылады. Соның салдарынан Майқоңыр ауылына дейін әлі күнге дейін сапалы жол салынбаған.

"Қазір Майқоңыр – Бескемпе автомобиль жолын орташа жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаның құны – 1 миллиард теңге. Оны 2027 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр", – дейді Ертіс ауданы әкімдігі.

Депутаттар бастамаға қарсылықтың күшті болатынын да жасырмайды. Өйткені жол құрылысы облыстық бюджеттердің ең қымбат баптарының бірі саналады, ал мемлекеттік сатып алулар жүйесінде бұл сала сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары бағыттардың қатарына жатады.

Еске салайық, бұған дейін биыл наурыз айында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев тұрғын саны аз ауылдарға асфальт емес, қиыршық тас жол төсеу тәжірибесі енгізілетінін мәлімдеген еді. Министрдің айтуынша, асфальт жол салу қиыршық тас жолға қарағанда шамамен бес есе қымбат. Сондықтан шектеулі қаржы жағдайында бір ауылды асфальтпен қамтығаннан гөрі, бірнеше ауылға қиыршық тас жол салу тиімдірек. Осы ретте тірек ауылдар мен шекара маңындағы елді мекендерге асфальт жол төсеу жалғасатыны айтылған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2026 15:37