Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкесі 8 тіл, қызым 5 тіл біледі": Қазақ отбасы не үшін Жапонияға көшіп, сонда тұрақтап қалғандарын айтты

 

Жапонияда тұратын қазақ отбасы
Фото: Балсан Мәдінің жеке архивінен

Токиода тұратын 5 жасар қазақ қызы Абайды таниды, Әнұранды сүйіп тыңдайды және бес тілде сөйлейді. Ал ата-анасы оған "қазақ бол" деп талап қоймай-ақ, ұлттық құндылықтарды күнделікті өмір арқылы сіңіріп келеді. Жапонияда ғылым қуып жүрген қазақ отбасы Stan.kz тілшісіне шетелдегі өмірдің қиындығы, бала тәрбиесі және қазақылықты сақтаудың жолдары туралы айтып берді.

 

"Жапонияға біраз уақыт үйрене алмай жүрдім"

Балсан Мәді мен Олжас Қуанбайды ғылым жолы табыстырған. Бірі Түркияда, бірі Жапонияда білім алып жүрген кезде танысқан жас ғалымдар кейін шаңырақ көтеріп, бүгінде Жапонияда өмір сүріп жатыр. Балсан докторантурада білімін жалғастырып жүрсе, Олжас Токио университетінде зерттеуші болып жұмыс істейді. Қазір олар бес жасар Айса есімді қыздарын тәрбиелеп, ғылым мен отбасы өмірін қатар алып келе жатқан қазақ отбасы.  Қазақ жастары 2018 жылы шетелде жүріп танысып, қазақы дәстүрмен шаңырақ көтерген. Тіпті дүниеге келер қызының да туған жері Қазақстан болуы үшін арнайы елге оралған.

"Түркияға көшуімізге осы біздің ғылым жолындағы ізденісіміз себепкер болды. Оған дейін мен Түркияда магистратураны аяқтаған едім. Сөйтіп екеуміз де сол жылы докторантураға оқу түстік. Ол Анкара университетіне "Тіл, георгарафия бағытында, соның ішінде жапонтанушы" бағытында ізденді. Ал мен Памуккали университетіне "Түркология" мамандығына түстім. Ал Жапонияға көшуімізге күйеуімнің зерттеу тақырыбы себеп болды. Сөйтіп оны Токио университетіне шақырту алды. 2024 жылы ол бірінші болып кетті, кейін артынан виза шыққанын күтіп біз бардық. 9 айдан кейін біз бардық. Түркияда және Жапонияда тұруымызға бірден бір себеп осы ғылым жолы дегіміз келеді. Себебі шетелде былай тұрсын, ғылыммен айналысу үлкен еңбекті қажет етеді", – дейді Балсан Мәді.
Жапония
Фото: Балсан Мәдінің жеке архивінен

Түркияда бірнеше жыл тұрған Балсан Мәді өзін шетелде жүргендей сезінбегенін айтады. Ал Жапонияға көшкенде ғана мәдени айырмашылықты қатты байқаған. Әсіресе жапондардың қарым-қатынас мәдениеті мен балаларға деген ерекше көзқарасы оған үлкен әсер қалдырған.

"Түркиядағылар бірден тез тіл табысып кетеді. Ал жапониялықтар әрқашан арақашықтықты сақтап тұрады. Физикалық және моральдық тұрғыдан да сондай. Соған біраз уақыт үйрене алмай жүрдім. Әр жапондықты көрген сайын біреуі болсын қазір жылы шырай танытып қалар деген күйде жүрдім. Қазір енді сыйластық, алыстан араласу керек екенін түсіндім. Жапонияның ең ұнаған тұсы тазалығынан бөлек, балаларға деген қарым-қатынастары ұнады. Сол кезде қызым Жапонияға тез бауыр басып кетті. Себебі қызым Қазақстаннан келген кезде Жапонияға мұншалықты тез үйренісіп кетеді деген ой болмады. Себебі Түркиядан кейін Қазақстанға біраз үйрене алмай жүрді", – дейді отандасымыз Балсан Мәді.

"Қызымызға "сен қазақи болуың керек" деп міндеттемейміз"

Балсан Мәді Жапонияда қазақ отбасылары көп емес екенін айтады. Дегенмен олар тұратын ауданда үш қазақ отбасы бар. Сондай-ақ Қытайдан қоныс аударған көптеген қазақстандықтың осы ауданда 20 жылдан бері тұрып келе жатқанын естіген. Оның айтуынша, қазақ отбасылары бір-бірімен араласып, жиі кездесіп тұрады. Балсан Мәдінің айтуынша, олар қыздарына қазақылықты талаппен емес, тәрбие мен әңгіме арқылы сіңіруге тырысады.

"Қызымды әкесі қазақ елінің тарихын білуге ерте жастан үйретіп келеді. Дастарқан басында айтылған әңгімелер баланың жадында сақталады деп ойлаймын. Сондықтан біз қазақтың шығу тарихы, тілдің этимологиясы, қазақтың болмысы сияқты тақырыптарды жиі қозғаймыз. Қызымызға "сен қазақи болуың керек" деп міндеттемейміз. Керісінше, осындай әңгімелер арқылы ұлттық құндылықтарды бойына табиғи түрде сіңіргіміз келеді. Қазақ халқына деген сүйіспеншілікті де туған күнінен бастап осылай айтып келеміз", – дейді отандасымыз Балсан Мәді.
жапониядағы қазақ қызы
Фото: Балсан Мәдінің жеке архивінен

Балсан Мәді қызының қазақылықтан ажырамауы үшін отбасы болып ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірде дәріптеуге тырысатынын айтты.

"Қызымыз қазақ тілін ұмытпауы үшін, өзіміз де үйде қазақша сөйлесеміз. Қазақ тарихынан еске салдыру үшін күніне үш-төрт рет сұрақ қойып отырамыз. Сондағы Абай Құнанбайұлы кім, Әлихан Бөкейхан кім, Ахмет Байтұрсынұлы кім деген секілді сұрақтар қойып, баланы қинамай, қысқаша ақпараттар сұрап, мәліметтер береміз. Отбасымызбен бірге Міржақып Дулатұлының еңбек жолына арналып түсірген "Оян Қазақ" деген секілді фильмдерді көреміз. Қазақылығын ұмытпасын деп, қазақша тақпақ пен өлеңдер жаттатуға тырысамыз. Қызым өзін толық қазақ ретінде сезінеді, Қазақстанның Әнұраны оның ең сүйікті әндерінің бірі. Туына, еліне деген махаббаты ерекше. Болашақта Қазақстанға көшіп барып, қызымыздың туған жерінде білім алғанын қалаймыз", – дейді Балсан Мәді.

Балсан Мәді Жапониядағы балабақша жүйесі Қазақстандағыдан айтарлықтай ерекшеленетінін айтады. Оның сөзінше, мұнда балалардың еңбекке, тәртіпке және қауіпсіздік дағдыларына ерте жастан ерекше көңіл бөлінеді.

"Еденді сүрту, балабақшада өздері арнайы көкөніс егеді. Бұдан бөлек, олар көбелек өсіріп, баптайды. Балабақшаның айналасындағы шөптерді тазартады. Дене жаттығуларына көп мән беріледі. Айына бір ретте жер сілкінісі, өрт кезінде қауіпсіздік шаралары бойынша эвакуациялық сабақтар өтеді. Мұндай сабақтар теориялық тұрғыда ғана өтпейді, кәдімдігей шынайы көрсетіліп, түсіндіріледі. Мұнда байқағаным, Қазақстандағыдай ата-аналар ойын алаңында гаджет шұқылап отырмайды. Керісінше, жүгірсе бірге жүгіріп, секірсе бірге секіріп баланың физикалық тұрғыда дамуына қатты мән береді. Жапон ата-аналары ойын-сауық немесе үлкен орталықтарға барған кезде баланың тынышталуы үшін қолына гаджет беріп қойып отырмайды", – дейді Балсан Мәді.

жапониядағы қазақ отбасы
Фото: Балсан Мәдінің жеке архивінен

Бұдан бөлек, олар жапон әліпбиі қиын болғандықтан, қысқаша әріптерді толықтырып, кейде суреттер салғызып, уриками деген секілді заттарды жасатқызып қояды дейді Балсан Мәді. 

"Мысалы, мұнда қанша қызығып тұрса да, басқа баланың ойыншығын рұқсатсыз алып ойнамайды. Бізде жиі кездесетін "өз ойыншығын басқа баладан ала алмай жылау" сияқты жағдайларды көрмейсің. Тағы бір байқағаным, балалар кезек күтуді кішкентайынан үйренеді. Тіпті бір жастағы бала болса да, әткеншекке өз кезегін күтіп тұрады. "Бұл кішкентай ғой, алдымен мінсін" немесе "түскісі келмей тұр" деп басқаларды күттіріп қою деген жоқ. Сондай-ақ балалар бір-бірін ұрып-соғу, тырнау сияқты әрекеттерге бармайды, ойыншыққа таласу өте сирек кездеседі. Қоғамдық орындарда да тәртіпке бағынады. Метрода, дүкенде немесе көшеде өз бетінше жүгіріп кетіп, ата-анасын әбігерге салатын балаларды көп көрмедім. Осындай тәртіп пен жауапкершілік дағдыларының бала кезден қалыптасатыны мені ерекше таңғалдырды", – дейді Балсан Мәді.

"Сіздер орысша сөйлейсіздер ме?"

Балсан Мәді Жапонияда Қазақстан туралы ақпараттың әлі де аз екенін айтады. Оның сөзінше, кейбір жапондықтар Қазақстанды басқа "-стан" елдерімен шатастырып, ел туралы қате түсінікке ие.

"Жапонияда өзімізді қазақпыз, Қазақстаннанбыз деп таныстырсақ, елімізді білмейтіндер көп кездеседі. Кейбіреулер "стан" деген жалғауды естігенде Қазақстанды Ауғанстанмен шатастырып, сақтықпен қарайды. Тіпті орамал таққан кезімде "Газа секторынансың ба?" деп сұрағандар да болды. Ал Қазақстанды естігені бар адамдардың өзі "Сіздер орысша сөйлейсіздер ме?", "Қазақстан әлі Ресейдің құрамында ма?" деген сияқты сұрақтар қояды. Кейде Қазақстанды Өзбекстанмен шатастырып жататындар да кездеседі. Тағы бір қызығы, Жапонияда тұратынымды естіген соң көп адам күйеуімді жапон деп ойлайды. Тіпті қасымда тұрғанның өзінде "Күйеуің жапон ба?" деп сұрап жатады. Осы кезде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екенін түсіндіріп жүреміз. Жалпы, шетелде жүргенде Қазақстан туралы ақпараттың әлі де аз екенін байқайсың”, – дейді Балсан Мәді.
Жапония
Фото: Балсан Мәдінің жеке архивінен

Балсанның жұбайы, жапонтанушы Олжас Қуанбайдың айтуынша, қазақ пен жапон халықтарының мәдениетінде айырмашылықтармен қатар, дүниетанымдық ұқсастықтар да аз емес.

"Мысалы, дүниетанымдық тұрғыдан қазақ пен жапон халықтарының арасында ұқсастықтар көп. Оны ертегілер мен фольклордан көруге болады. Біздегі "Ер Тарғын", "Ер Төстік" секілді ертегілерде кейіпкерлер күн санап, ай санап өсіп, кейін елін, жерін қорғауға аттанады. Мұндай мотивтер түркі халықтарына тән және ұлттық болмысымыздың қалыптасуына ықпал еткен. Жапондарда да осыған ұқсас "Момотару" деген ертегі бар. Онда шабдалының ішінен шыққан кішкентай бала тез өсіп, кейін өз еліне қызмет етеді. Сондықтан қазақтар мен жапондарда ұлттық құндылықтарға, табиғатқа, туған жерге деген құрмет ерекше орын алады деп ойлаймын", – дейді жапонтанушы Олжас Қуанбай.
жапониядағы қазақ отбасы (1)
Фото: Балсан Мәдінің жеке архивінен

Балсан Мәдінің айтуынша, өкінішке қарай, Жапонияда жалғыздық мәселесі қоғамда ерекше байқалады. Соның салдарынан адамдарға уақытша отбасы мүшесі, дос немесе әріптес рөлін атқаратын арнайы қызмет түрлері пайда болған.

"Жапонияда мені таңғалдырған нәрселердің бірі адамдарға жалған отбасы мүшесін, досын немесе әріптесін жалға беретін қызметтердің болуы. Бастапқыда мұны естігенде қызық көрінуі мүмкін. Бірақ мұның астарында қоғамдағы жалғыздық мәселесі жатыр. Кейбір адамдардың сөйлесетін жақыны болмайды, кейбір балалар әке мейірімін сезінбей өседі, ал енді бірі өміріндегі жағдайларды жалғыз еңсере алмай жатады. Осындай кезде арнайы компаниялар белгілі бір уақытқа әке, ана, күйеу, қалыңдық немесе дос рөлін атқаратын адамдарды ұсынады. Меніңше, мұның бәрі әлеуметтік қажеттіліктен туған қызмет түрі", – дейді Балсан Мәді.

"Арқа-жарқа болуды қазақтардан үйренсе дер едім"

Балсан Мәді Жапониядағы күнделікті өмірде өзін таңғалдырған жайттардың аз емес екенін айтады. Оның сөзінше, жапондардың тәртібі, қарым-қатынас мәдениеті мен тазалыққа деген көзқарасы ерекше әсер қалдырған.

"Жапонияда мені таңғалдырған дүниенің бірі мұндай пошларымызға хаттардың күнделікті келіп тұруы. Мысалы, бізге банктен, телефондағы қосымша арқылы келетін хабарландырудың бәрі мұнда қағаз түрінде келеді. Тіс дәрігеріне барып толтырған анықтамамыз, ертесі біздің үйге келіп тұр. Жапондықтар үйге көп қонақ шақыра бермейді. Тағы бір таңғалдырған нәрсе, екі әпкелі сіңлінің қанша бір-бірін сағынып тұрса да, алдымен екеуі бір-біріне иіліп сәлем берді. Көздерінен қаншалықты сағынышы басып екені көрініп тұрді. Ішкі эмоцияларын шығаруды, арқа-жарқа болып мәз болып құшақтасуды қазақтардан үйренсе дер едім. Ал қазақтар жапондардан, әсіресе, қоғамдық орындардағы тазалықты үйренсе дер едім", – дейді Балсан Мәді.

Балсан Мәді Жапониядағы өмірге бейімделу барысында тіл үйрену, бала тәрбиесі мен тұрмыс салтында көптеген өзгерістер болғанын айтады. Оның сөзінше, отбасы қазақылықты сақтауға тырысқанымен, кейбір ұлттық тағамдар мен қонақжай дәстүрді сағынатын кездері жиі болады.

"Жапон тілін толық меңгеріп кеттім деп айта алмаймын. Алғаш келген кезде басқа жобалармен айналысып, тіл үйренуге көп уақыт бөле алмадым. Бірақ Жапонияда бір ғана тіл үстем болғандықтан, еріксіз үйрене бастайсың. Қазір жапон тіліне көбірек көңіл бөліп жүрмін. Қызым қазақ, түрік, жапон, ағылшын және орыс тілдерінде еркін сөйлейді, ал күйеуім 8 тіл білетін полиглот. Көпшіліктің сұранысымен жапон тілін қазақ тілі арқылы үйрететін курс аштық. Өйткені жапон тілін қазақша түсіндіретін мамандар өте аз. Сонымен қатар мұнда жүріп қазы-қарта, ет пен құртты қатты сағындым. Ал жапондардың шағын пәтерлерде тұрып, көршілерге кедергі келтірмеуге тырысатын мәдениетіне байланысты біздегідей жиі қонақ шақыру дәстүрі мұнда аса дамымаған", – дейді Балсан Мәді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2026 09:00