"Трендті ұстап тұрған әже": Желіде немересімен видео түсірген 86 жастағы кейуана қазақстандықтарды сүйсіндірді

Желіде 86 жастағы әжесімен бірге түсірген видеолары арқылы көпшіліктің ықыласына бөленген павлодарлық Сұлтан Қайыржан қазақстандықтарды сүйсіндіріп жүр. 20 жастағы студент әжесі Тілеулес Қожахметованың көңілін көтеріп, жалғызсыратпау үшін онымен бірге түрлі трендтер түсіріп, әлеуметтік желіде бөліседі. Әжесі мен немересінің ерекше байланысы туралы Stan.kz тілшісі сұрап білді.
Павлодар қаласының тумасы Сұлтан Әлкей Марғұлан университетінің өнер және спорт факультетінде оқиды. Жалпы желіде спорт тақырыбын белсенді жүргізеді. Ал жігіттің әжесімен түсірген видеолары көпшілікке ерекше әсер сыйлап жүр.
“Еркін күреспен айналысамын. Желіде белсенді жүргізе бастағаныма 1,5 жыл болды. Жалпы спортпен айналысқасын желіге сөбіне спортты саламын. Отбасымызда үш ағайындымыз. Ағам мен әпкем бөлек тұратындықтан анам, әкем, әжем төртеуімізі бірге тұрамыз. Әжеммен видео түсіруді ол үйде іші пыспасын деген оймен бастағанмын. Әжемнің жасы 86-да. Әжем үлкейген соң ол үшін уайымдаймын. Іші пыспасын депген ниетпен жанында уақыт өткізуге тырысамын. Тек камераға ғана емес, өмірде де әжеммен әзілдесіп, ойнап отырамын. Желідегі видео сол сәттеріміздің көрінісі”, – деді Сұлтан.
Немересі әжесін “легенда” яғни “аңыз адам” деп атайтынын алға тартты. Оған да себеп жоқ емес.
“Әжеміз әрқашан шүкіршілік айтып отыратын ақкөңіл өте ашық жан. Қайда жүрсе де көңілді жүреді. Сыртқа шықса балаларды ойнатқанды ұнатады. Нағыз қазақи әже. Кішкентай кезде ауылда дәретханаға түсіп кеткенмін. Сол кезде қалай екенін білмеймін әжем мені құтқарған екен. Сол бір қызық оқиға есімде қалып қойыпты.
Дегенмен қазір әжемнің жасы келгесін көп жүре қоймайды, естуі де бұрынғыдай емес. Сол себепті көңілін аулағым келеді. Мен оны “легенда” деп атаймын. Соған қарап басқа әжелер мен үлкендер де әжемді “легенда” деп атап кеткен. Бұлай деп атауымыздың да себебі бар. Әжем жетім өскен. Ата-анасы болмаса да жастайынан еңбектенген. Ол өмір сүрген заман оңай болмағаны бәрімізге белгілі. Түрлі соқпақтардан өтіп, жалғыз өзі қиындықтарға қасқая тұрған жан. Бала-шағасын осылай өсіріп жетілдірді. Ал атам ол Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралып, келген соң өмірден өткен. Қазіргі жақсы жағдайымыз да әжемнің еңбегі деп білемін. Сол үшін әжемді аңыз адам деп атаймын”, – деп қосты ол.
Сұлтанның айтуынша, немересімен видеолар түсіру Тілеулес Қожахметоваға да ұнайды.
“Әжем видео, желі дегенді түсінбейді. Дегенмен өзінің телефоны да бар. Сонымен YouToube, Instagram желілеріне кіріп видеолар қарайды. Басуды да үйретіп қойдық. Ал өзіміз видео түсіріп жатқанымызда көңіл-күйі көтеріліп, барын салады. Мимкаларды осылай істеңізші деп өтінсем, ол еш қиындықсыз қайталайды. Дегенмен өзінің танымал екенін әлі білмейді.
Шынымды айтсам, кейде әжемді көп түсіре бергім келмейтін де кезде болады. Себебі көз тию деген бар, әжемнің жасы үлкейгендіктен ауырып қала ма деп қорқамын. Сол үшін әжемді көп сала бергім келмейді. Бірақ желіде көп адамдар әжемді салуымды сұрап, оған ұзақ ғұмыр тілеп жатады. Сол себепті алдағы уақытта да әжеммен видеолар түсіруді жалғастырамын. Тек оның жасы ұзақ болып, арамызда аман отырсын деп тілеймін”, – деп қорытты немересі.
Сұлтан қызықты трендті әжесімен қайталаған. Ал оның қаралымы желіде жарты миллионнан асқан.
“Қандай мейірімді әже”, “Тәтті әже”, “Әже 100 жасасын”, “Трендтен қалмайтын әже”, “Трендті осы әже ұстап тұр”, “Қандай сүйкімді жан”, “Қолында телефоны бар заманауи әже екен”, “Ең керемет көрініс, аман болсын”, – деп сүйсінді желі жұртшылығы.
"Трендті ұстап тұрған әже": Желіде немересімен видео түсірген 86 жастағы кейуана қазақстандықтарды сүйсіндірді
Немересі: "Әжем өзінің танымал екенін әлі білмейді"
"Дипломынан айырылғалы отыр": Алматыда әскерге күштеп әкеткен студенттің анасы президенттен араша сұрады
Жанаттың айтуынша, ұлы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің күндізгі бөлімде мемлекеттік грант негізінде білім алып жүрген