Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам заңсыз тасталған қоқыстың кесірінен бас сүйегінің төрттен бір бөлігінен айырылды

Колин Эпплтон
Фото: Mirror.co.uk

Ұлыбританияда 66 жастағы Колин Эпплтон ауыл жолында заңсыз тасталған қоқыс пен бөлшектелген сарай қалдықтарына соғылып, өте ауыр жарақат алды. Соның салдарынан дәрігерлер оның бас сүйегінің бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mirror.co.uk-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Эссекс графтығындағы Брентвуд маңында болған. Велосипедпен келе жатқан Колиннің дөңгелегі асбесті бар ескі сарай қалдықтарының арасындағы шегеге кіріп, ол жолға құлап түскен.

Ауыр жарақат алған ер адам тікұшақпен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның аман қалу ықтималдығын небәрі 10%деп бағалаған. Ол үш апта бойы ес-түссіз жатып, жеті ай ауруханада ем алғаннан кейін ғана үйіне шығарылған.

Апаттан кейін Колин жұмыс істей алмаған, жүргізуші куәлігінен айырылған және ұзақ мерзімді физикалық әрі психологиялық зардап шеккен.

Ол есін жиған сәтін былай еске алды:

“Есімді жиғанда ештеңе есімде жоқ еді. Отбасымды да, балаларымды да танымадым, тіпті олардың аттарын да білмедім”, – деді ол.

Колин сол күні жұмысын бітіріп, велосипед тебуге шыққан. Сол уақытта 36 жастағы ағаш кесуші Крейг Фревин асбест қалдықтары бар сарайды бөлшектеп, оны Брентвудтағы жол жиегіне тастап кеткен.

Велосипедшінің дөңгелегі сол қоқыстағы шегеге ілініп, ер адам құлап, ауыр жарақат алған. Оны жолай өтіп бара жатқан жүргізуші көріп, көмек шақырған.

Колин Эпплтон
Фото: Mirror.co.uk

Колин бірнеше ота жасатқан. Дәрігерлер миының ауыр зақымдануына байланысты бас сүйегінің бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болған. Сондай-ақ оның иығы үш жерден сынып, қабырғалары жарақаттанған.

Сот Крейг Фревинді қауіпті қоқыс тастағаны үшін 16 айға бас бостандығынан айырды. Судья оның әрекетін “әдейі және жауапкершіліксіз жасалған” деп таныды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 18:20