Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір перзентхананың 17 акушері бір мезгілде жүкті болды

жүкті акушерлер
Фото: premierhealth/Facebook

АҚШ-тың Огайо штатындағы перзентханалардың бірінде жұмыс істейтін 17 акушердің бір мезгілде жүкті болуы көпшіліктің назарын аударды. Әлеуметтік желіде тараған сурет қызу талқыланып, аурухана өз рекордын жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тhe Мirror.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ-тың Огайо штатындағы Miami Valley Hospital перзентханасының босандыру бөлімінде жұмыс істейтін 17 акушер бір уақытта жүкті болды.

Осылайша аурухана 2019 жылы тіркелген өз рекордын жаңартты. Ол кезде осы бөлімнің 11 қызметкері бір мезгілде сәби күтіп жүрген еді. Аурухана жариялаған фотода бірдей медициналық киім киген болашақ аналар бірге суретке түскен. Олардың жүктілік мерзімі 12 аптадан 35 аптаға дейін. Сурет әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Акушерлердің арасында алғаш рет ана атанғалы жүргендер де, екінші немесе кейінгі сәбиін күтіп жүргендер де бар. Олар мұндай сәйкестіктің бір-бірін жақындастырып, жүктілік кезеңін бірге өткізудің ерекше әсер сыйлағанын айтады. Кейбірі тіпті әріптестерінің босануына өздері көмектесуді жоспарлап отыр.

"Біз үшін бұл күтпеген жағдай болды. Бірақ бәріміз осы кезеңді бірге өткеріп жатқанымызға қуаныштымыз. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз әрі барынша қолдап жүрміз", – деді акушерлердің бірі.

Желі қолданушылары болса, барлық қызметкердің бір уақытта декреттік демалысқа шығуы ауруханада маман тапшылығын туғызбай ма деген сауал қойған.

Алайда аурухана басшылығы бұған алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді. Босандыру бөлімінде 200-ге жуық медбике жұмыс істейді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда қосымша ауысымға шығатын және толық емес жұмыс күнінде еңбек ететін қызметкерлер де бар.

Аурухана өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдай өте сирек кездескенімен, жай ғана ерекше сәйкестік. Қазір болашақ аналардың бәрі өз міндеттерін атқарып жүр, ал алдағы айларда кезек-кезегімен декреттік демалысқа шығады.

Еске салайық, бұған дейін Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 24 жастағы келіншек бес егізді дүниеге әкелген еді. Дәрігерлердің мәліметінше, табиғи жолмен бес егізді босану өте сирек кездеседі. Мұндай жағдай шамамен 60 миллион жүктіліктің бірінде ғана болады. Сәбилер мерзімінен бұрын дүниеге келгенімен, дәрігерлердің бақылауында болып, олардың өміріне қауіп жоқ екені хабарланған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 07 Шілде, 2026 17:50