Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында қызметтік көлікпен дауға қалған білім бөлімінің басшысы өз еркімен қызметтен кетті

Көлік тізгіндеу
Фото: Magnific.com

Ақмола облысында қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғаны үшін сөгіс алған Бурабай ауданы білім бөлімінің басшысы Алтынай Ахмеджанова өз еркімен қызметінен кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Маусым айының соңында әлеуметтік желілерде Бурабай аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының басшылары жұмыс уақытында қала сыртындағы жағажайлардың бірінде жүргені түсірілген видео тараған болатын. Бейнежазбада қызметтік автокөлік те көрінген.

Кейін Ақмола облысының білім басқармасы жүргізген тексеру нәтижесінде кадрға түскен білім бөлімінің үш қызметкері мен үш мектеп директорының жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында болғаны, ал қалғандарының жалақы сақталмайтын демалыста жүргені анықталғанын хабарлады.

Сонымен қатар қызметтік автокөліктің мақсатсыз пайдаланылғаны расталды.

“Соның нәтижесінде қызметтік автокөлікті мақсатсыз пайдалануға жол берген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны, атап айтқанда қызметтік автокөлікті пайдалану тәртібіне бақылауды жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпегені және заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша дер кезінде шара қолданбағаны үшін Бурабай аудандық білім бөлімінің басшысы А.М. Ахмеджановаға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды”, – деп хабарлады ведомство.

Сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшыларымен мемлекеттік мүлікті жеке мақсатта пайдалануға жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Белгілі болғандай, өткен аптада Алтынай Ахмеджанова атқарып отырған қызметінен кеткен. Ақмола облысының білім басқармасы бұл ақпаратты растап, оның өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш бергенін мәлімдеді.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 07 Шілде, 2026 19:18