"3 қуаныш – бір той": Мөлдір Мұқанова шетелде оқуын тәмамдаған тұңғышына қымбат көлік сыйлады

Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жары Мөлдір Мұқанова балаларына арнап дүбірлі той жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күні кеше қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінің көпшілігі Астанада өткен тойда бас қосты. Әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқанова балаларына арнап “3 қуаныш – 1 той” атты той өткізді. Қуанышты дастарханның жайылуына тұңғышы Әдемінің жоғары оқуын аяқтап, диплом алуы, екінші қызы Айымның мектеп бітіруі және кенже ұлы Райымбектің сүндетке отыруы себеп болды.
Тойда қазақстандық эстрада жұлдыздары да бой көрсетті. Мөлдір Мұқанова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған кадрлардан Сәкен Майғазиев, Алтынай Жорабаева, Жазира Байырбекова, Заттыбек Көпбосынұлы, Қайрат Нұртас, Айгүл Иманбаева, Қарақат Әбілдина сынды өнер иелерін көруге болады. Олар кештің көркін қыздырып, ән шырқаған.
Сондай-ақ Райм мен Ерке Есмахан да өнер иесіне тосынсый жасап келген.
Бұған қоса, Мөлдір Мұқанова той үстінде қызы Әдеміге су жаңа Audi A7 көлігін сыйлады.
“Сен өте еңбекқор жансың. Мен саған сенемін. Кейде “Мен қандай қызды дүниеге әкелгенмін” деп Аллаға сансыз шүкір айтамын. Әдемі ешқашан “ананы алып бер, мынаны алып бер” деп сұраған емес. Жақында екеуміз сырласып отырғанда “осындай көлік мінгім келеді” деп айтып қалған еді. Сөйтіп, көп ұзамай барып, таза өз еңбегіммен тапқан қаражатқа қалаған көлігін сатып алдым”, – деді Мөлдір Мұқанова.
“Тұрсынбектің орны ойсырап тұр”
Желіде толассыз жарияланған видео мен суреттердің пікірлерінде жұрт “Тұрсынбек қайда?” деген сұрақты жарыса қойып жатыр. Олар бұған қатысты түрлі пікір қалдырып, әркім өзінше болжам жасады.
“Осы көлікті Тұрсынбек аға сыйлап, кілтті өзі табыстайтын орны еді”, “Тұрсынбек өзінің балаларының тойына келмеген бе?”, “Тұрсынбек ішінен күйіп, тілін тістеп отырған шығар”, “Тұрсынбектің орны ойсырап тұр. Керемет алтындай балаларын, көркіне ақылы сай қыздай алған жарын өзгеге айырбастағаны өкінішті”, “Тұрсынбек келуі керек еді”, – деп жазды олар.
Еске салайық, бұған дейін Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанова қыздарының соңғы қоңырауында бірге бой көрсеткені хабарланған еді. Өнер иелерінің ортаншы қыздары Айым мектеп бітіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты сәттің кадрларын бөлісті. Видеодан бұрынғы ерлі-зайыпты перзенттері үшін маңызды күнде бірге жүргенін көруге болады.
Сондай-ақ Мөлдір Мұқанованың өзі де парақшасында қызымен түскен әсерлі суреттерді жариялады.
“Менің әлемім, әлемге ашық, өмірге ғашық Айымым мектеп бітірді”, – деп жазды ол.
Оқыңыз