Euronews қазақ тілінде хабар тарата бастайды

Euronews медиажелісі қазақ тілінде хабар таратуды бастайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телеарна басшылығымен кездесіп, бұл қадамды Қазақстан мен халықаралық медианың өзара ынтымақтастығын нығайтатын маңызды бастама деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады. Кездесу барысында әлемдегі жетекші ақпараттық телеарналардың бірімен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews объективті ақпарат таратып, оқиғаларды бейтарап жариялауымен әлемдік медиа кеңістікте ерекше орын алатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы 2024 жылы Астанада өңірлік кеңсесі ашылғаннан бері телеарна Қазақстан мен Орталық Азиядағы саяси, экономикалық және мәдени жаңалықтарды белсенді түрде жариялай бастағанын айтты.
Сондай-ақ президент Euronews телеарнасының қазақ тілінде хабар тарата бастауын құптап, бұл өзара тиімді ынтымақтастықтың айқын көрінісі екенін жеткізді.
Өз кезегінде Педро Варгас Давид қазақ тілі Euronews медиажелісінде Орталық Азия халықтарының арасынан эфирге шығатын алғашқы тіл болатынын мәлімдеді.
ОқыңызСонымен қатар ол қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, Ата заңда бекітілген қағидаттар мен құндылықтар ел басшылығының қуатты әрі прогрессивті мемлекет құруға деген ұстанымын көрсететінін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар Президенттің жуырдағы Брюссельге жасаған ресми сапарының қорытындылары туралы да пікір алмасты.
Педро Варгас Давидтің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Euronews сайтында Брюссельге сапары қарсаңында жарияланған Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің келешегіне арналған мақаласы еуропалық аудитория тарапынан оң бағаланған.
Кездесуде сондай-ақ өңірді жаһандық ақпараттық кеңістікке кеңірек ықпалдастыру және Қазақстанның жетістіктерін халықаралық қауымдастыққа кеңінен танытуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық жастар әзірлеген Aleem қосымшасы іске қосылған алғашқы тәулікте-ақ Duolingo-ны басып озып, Қазақстанның App Store дүкеніндегі жалпы рейтингте бірінші орынға шыққан болатын. Алайда қолданушылар қосымшада қазақ тілінің жоқтығын сынға алған еді. Енді әзірлеушілер ұсынысты ескеріп, Aleem қосымшасына қазақ тілін қосты.