Павлодар облысында қылмыстық топ студенттерден ақша бопсалап келген

Павлодар облысында құқық қорғау органдарының бірлескен арнайы операциясы кезінде студенттер мен кәсіпорын қызметкерлерінен ақша бопсалапкелген күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Павлодар облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері бірлескен арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде Ақсу және Екібастұз қалаларында бірнеше рет бопсалады деген күдікке ілінген адамдар тобы ұсталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер адамдарды қорқытып, олардан үнемі ақша бопсалап отырған. Зардап шеккендердің арасында студенттер мен ірі кәсіпорындардың қызметкерлері бар. Тінту кезінде ақша, ұялы телефондар, банк карталары, құжаттар және іске дәлел болатын басқа да заттар тәркіленді. Күдіктілер мінген көліктер айып тұрағына қойылды.
“Бопсалау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицияға 10 адам жеткізілді. Оның төртеуі соттың шешімімен қамауға алынды. Қазір олардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр”, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Диас Қадыров.
Бұған дейін Шымкентте полицейлерді бопсалаған блогер ұсталған еді. Екі полиция қызметкері Шымкентте 25 жастағы жүргізушіні тоқтатқан. Тексеру барысында оның күмәнді мінез-құлқы байқалып, медициналық куәландыруға жіберілген. Нәтижесінде жүргізушінің мас күйде болғаны анықталған.
Жүргізушіге жүргізуші куәлігінен айырылу және әкімшілік қамауға алыну қаупі төнгеннен кейін ол мәселені шешу үшін блогер АСКО-ға жүгінген. Балқыбаев бұл істі 1 миллион теңгеге шешіп беруге уәде еткен.
Оқыңыз