Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда түнде 10 жүргізуші даңғыл бойында жарыс ұйымдастырған

жарыс Алматы
Фото: almaty.police

Алматыда Рысқұлов даңғылында түнгі жарыс ұйымдастырған жүргізушілер тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тәртіп бұзушыларды патрульдік экипаж байқап қалған. Радио арқылы хабар алған жақын маңдағы жасақтар Рысқұлов пен Кудерин көшелерінің қиылысында көліктер колоннасын бұғаттаған. Барлығы 10 автокөлік тоқтатылған. Полиция кейбір көліктердің қымбат екенін атап өтті.

"Әрбір жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Көліктер арнайы айыптұраққа қойылды", – делінген хабарламада.

 Департамент мұндай фактілердің барлығының жолы кесілетінін және жүргізушілердің жауапқа тартылатынын ескертті.

Еске салсақ, 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болған еді. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жазба жариялап, видеода ер адам көлік жарысы болғанын, онда полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 06 Шілде, 2026 20:07