Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда полицей қызметтік міндетін орындау кезде жол апатына түсіп, қаза тапты

апат
Фото: Видеодан скрин

Түркістанда түн ішінде жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Бауыржан Қонысбеков мерт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде оқиға орнында түсірілген видео тарады. Кадрдан екі полиция көлігі зақымданғанын байқауға болады. Олардың бірінің алдыңғы бөлігі толықтай жарамсыз күйге түскен. Қайғылы жағдай туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді. Оның айтуынша, полицей қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты. 

“Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Түркістан қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, капитан Бауыржан Қонысбековтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Ішкі істер министрлігі марқұмның отбасына жан-жақты қолдау көрсетеді”, – делінген жазбада. 

Жол апатының нақты қалай болғанын Stan.kz тілшісі Түркістан облыстық полиция департаментінен сұрап білді. 

“Патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге де жүргізушілерге қауіп төндірген жеңіл көлік жүргізушісін тоқтатуға тырысқан. Алайда Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысындаполицияның “Chevrolet Cobalt” қызметтік көлігін тізгіндеген Бауыржан Қонысбеков апатқа ұшырады. Ол апат кезінде алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүріп жатыр”, – делінген хабарламада.

Оған қоса полиция департаменті марқұм әріптесінің жақындарына қайғыра көңіл айтты. 

“Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков антқа адал болып, қызметтік борышын соңына дейін абыроймен атқарды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Түркістан облысы полиция департаменті және ішкі істер органдарының жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Оның жарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық полицейлер алып қашудың құрбаны болған қызды тасжолда құтқарып қалғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 15:40