Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе тұрғынын бұрынғы жігіті интимдік бейнежазбалармен бопсалап келген

интим
Фото: Әлеуметтік желіден

Ақтөбе облысында интимдік сипаттағы бейнежазбаларды таратамын деп қорқытып, бұрынғы танысын бопсалады деген күдікпен 38 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің мәліметінше, қала тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, бұрын қарым-қатынаста болған танысы келісімінсіз түсірілген интимдік бейнежазбаларды жариялаймын деп қорқытып, психологиялық қысым көрсеткен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды. Белгілі болғандай, ол көршілес облыстың 38 жастағы тұрғыны. Аталған дерек бойынша жеке өмірге қол сұғушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және күдіктінің өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеруге бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарға жеке өмірге қатысты мәліметтерді тарату немесе оны таратамын деп қорқыту заңға қайшы әрекет екенін ескертіп, мұндай жағдайға тап болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Оралда 31 жастағы әйел бұрынғы сүйіктісінің интимдік фотоларын әлеуметтік желіге жариялаймын деп қорқытып, одан 500 мың теңге бопсалады деген күдікпен ұсталған еді. Полиция күдіктіден ақша мен іске қатысты дәлелдер сақталған ұялы телефонды тәркілеп, сотқа дейінгі тергеу жүргізген.

Айым Атамбаева
Жұма, 26 Маусым, 2026 11:54