Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ХАМАС Газа секторын басқарудан бас тартып, үкіметті таратты

ХАМАС үкімет
Фото: AP Photo

Палестинаның ХАМАС қозғалысы шамамен жиырма жыл бойы Газа секторын басқарған құрылымды таратып, азаматтық басқаруды жүзеге асыратын технократтар комитетін құруға жол ашатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Телеарнаның мәліметінше, бұл қадам ХАМАС үшін елеулі саяси бетбұрыс болып саналады. Ұйым 2006 жылғы парламенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін, 2007 жылы қарсыласы – ФАТХ қозғалысынан билікті күшпен тартып алып, содан бері Газа секторын бақылауда ұстап келген.

Былтыр қазан айында Газада ХАМАС пен Израиль арасында атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен кейін, ұйым күнделікті азаматтық басқарудан шетте қалуға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеді. Алайда қозғалысты қарусыздандыру мәселесі әлі күнге дейін шешімей тұр.

“Үкіметтің төтенше комитетінің басшысы Мұхаммед әл-Фарра ресми түрде қызметінен кеткенін мәлім етті. Әкімшілік және басқару өкілеттіктерін Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитетке біртіндеп өткізу үшін төтенше комитетті тарату туралы шешім де қабылданды”, – деді ХАМАС үкіметінің медиа кеңсесінің басшысы Исмаил әт-Тауаб.

Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитет 2025 жылдың қазан айында ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату туралы келісімге АҚШ президенті Donald Trump делдалдық еткеннен кейін құрылған Бейбітшілік кеңесінің бастамасымен жасақталған.

"ХАМАС Газа секторын басқарудан бас тарту арқылы жаңа қадамға барды. Бұл оккупацияның агрессиясы мен соғысты жалғастыруға себеп болатын кез келген сылтауды жоюға бағытталған", – деді ХАМАС өкілі Хазем Қас.

ХАМАС құрылымының таратылуы Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитеттің жағалаудағы анклавтағы әкімшілік өкілеттіктерді қабылдауына жол ашады. Комитетті палестиналық технократ Әли Шаат басқарады.

Бірнеше ай бойы NCAG Газа секторынан тыс жерде жұмыс істеп келді. Мәліметтерге сәйкес, Израиль соғыс салдарынан қираған аумаққа комитет мүшелерінің кіруіне қарсылық білдірген.

ХАМАС өкілдерінің бірінің айтуынша, ұйым бұл шешімі туралы жуырда Каирде өткен кездесуде басқа палестиналық қозғалыстарды хабардар еткен.

ХАМАС пен өзге палестиналық ұйымдар халықаралық делдалдардың қатысуымен Каирде бірнеше рет келіссөз өткізіп, әсіресе Газадағы атысты тоқтату келісімінің екінші кезеңіне қатысты келіспеушіліктерді азайтуға тырысты. Бірінші кезеңде ХАМАС қолындағы соңғы израильдік кепілге алынғандарды Израиль түрмелеріндегі палестиналық тұтқындарға айырбастау қарастырылған еді.

Ал ХАМАС-ты қарусыздандыруды және Израиль әскерін Газадан кезең-кезеңімен шығаруды қамтуы тиіс екінші кезеңге көшу бірнеше айдан бері тоқтап тұр. Соңғы айларда Израиль әскері сектор аумағындағы бақылауын кеңейтіп, шамамен оның 70 пайызын бақылауға алған.

Сонымен қатар ХАМАС өз қару-жарағының қандай да бір бөлігін беру мәселесін қарастырмас бұрын, алдымен Палестина әкімшілігі құрылуы тиіс екенін талап етіп отыр.

Соғыстан кейін Газа секторын кім басқаратыны туралы мәселе келіссөздердің екінші кезеңін жүзеге асырудағы басты түйткілдердің бірі болып қалып отыр. Израиль ХАМАС-тың билікке қайта оралуына үзілді-кесілді қарсы. Сонымен қатар қазіргі кезеңде басқару өкілеттіктерін Рамаллада орналасқан Палестина әкімшілігіне тікелей беру идеясын да қолдамайды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 07 Шілде, 2026 08:06