Аустралия да Telegram-ға қатысты тергеу бастады: Компанияға "террористік контент" үшін айыппұл салынуы мүмкін

Аустралияның цифрлық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Telegram компаниясын сотқа берді. Қадағалаушы орган мессенджерді жаппай кісі өлтіру мен терроризмге қатысты материалдарды уақытында өшірмеді деп айыптап отыр. Аталған жайт Telegram негізін қалаушы Павел Дуровқа халықаралық іздеу жариялаумен тұспа-тұс келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Аустралияның цифрлық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Джули Инмен-Грант Telegram елдің “Онлайн қауіпсіздік туралы” заңын бұзды деп есептейді. Оның айтуынша, осыған байланысты компанияға 54,6 миллион аустралиялық доллар (шамамен 38 миллион АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
ОқыңызДжули Инмен-Грант – Аустралиядағы 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салатын заңның орындалуын бақылайтын комиссар. Оның айтуынша, былтыр күзде Telegram-ға лаңкестікке қатысты 12 жазбаны өшіру туралы талап жіберілген. Алайда компания олардың 10-ын әлі күнге дейін жоймаған.
Бұған жауап ретінде Telegram өкілдері:
“Telegram-ның терроризммен күрес бағытындағы жұмысы бәріне белгілі. Бұл айыптаулармен келіспейміз және оларды сотта дауламақпыз”, – деп мәлімдеді.
Ресейде Дуровқа қатысты іс қозғалды
29 шілдеде Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ) Павел Дуровқа сырттай айып тағылғанын мәлімдеді. Ресей тарапының мәліметінше, Telegram Украина арнайы қызметтері ресейліктерді диверсия жасауға тарту үшін пайдаланған чат-боттар мен арналарды өшірмеген. Осыған байланысты Дуров терроризмге жәрдемдесті деп айыпталып отыр.
Осыдан бір күн өткен соң, 30 шілдеде Ресейдің қаржы мониторингі қызметі (Росфинмониторинг) Павел Дуровты “экстремистік қызметке немесе терроризмге қатысы бар тұлғалар” тізіміне енгізді.
Франциядағы іс әлі жабылған жоқ
2024 жылдың тамызында Павел Дуров Францияда бірнеше күнге қамауға алынған еді. Француз билігі оған Telegram арқылы қылмыстық сипаттағы контенттің таралуына тосқауыл қоймады деген айып таққан. Кейін ол босатылғанымен, іс әлі күнге дейін жабылған жоқ.
Аустралия Telegram-нан екі жылдан бері жауап күтіп келеді
Джули Инмен-Гранттың айтуынша, оның ведомствосы Telegram-нан терроризм мен экстремизмге қатысты контентке қарсы қандай шаралар қабылдап жатқанын түсіндіруді 2024 жылдың наурызынан бастап талап еткен.
“Telegram бес ай бойы бұл сауалдарға мүлде жауап бермеді. Кейін байланысқа шыққанымен, экстремистік материалдарды жою бойынша нақты әрекет жасамады”, - деді комиссар.
Инмен-Грант мұндай әрекет зорлық-зомбылықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға ықпал етіп, кейбір қолданушылардың радикалдануына себеп болуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар кей жағдайларда платформа арқылы лаңкестік әрекеттерді жоспарлау да жүзеге асуы ықтимал.
Қандай материалдар туралы сөз болып отыр?
Аустралия тарапы сотқа талап арызында Telegram-да сақталған мынадай материалдарды атаған:
- 2019 жылы Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы екі мешітке жасалған шабуылға қатысты контент;
- 2022 жылы АҚШ-тың Баффало қаласындағы супермаркетте болған жаппай атысқа қатысты материалдар;
- террористердің адамдарды өлім жазасына кескенін көрсететін бейнежазбалар.
Крайстчерч пен Баффалодағы шабуылдарды ақ нәсілдің үстемдігін насихаттайтын көзқарасты ұстанған адамдар жасаған.
Комиссардың айтуынша, айыппұл талап етумен қатар, болашақта соттан Telegram қызметіне Аустралия аумағында толық тыйым салу да сұралуы мүмкін.
“Мұндай өкілетті бұрын-соңды қолданған емеспіз. Алдымен істің қалай өрбитінін көреміз. Егер қажет болса, мұндай шараға да жүгінуіміз мүмкін”, – деді Инмен-Грант.
Айта кетейік, 2025 жылдың ақпанында Аустралияның цифрлық қауіпсіздік жөніндегі ведомствосы Telegram-ға 1 миллион аустралиялық доллар көлемінде айыппұл салған. Бұған компанияның балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен экстремизмге байланысты контентпен қалай күресетіні туралы сұрауға уақытында жауап бермеуі себеп болған.
Айта кетейік, бұған дейін Аустралия әлемде алғаш болып балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салғаны туралы жазған едік.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтерді