Риддердегі 13 жастағы қыздың өлімі: Куәгерлер қайғылы жағдайды баяндады
Риддерде көз жұмған жасөспірімнің өліміне себеп болған арқанға қатысы бар күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Куәгерлер сол сәтте не болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір Риддер тұрғындары қайғылы жағдай болған жерге гүл шоқтарын қойып жатыр. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, оқиға болардың алдында олар жолдан өтіп бара жатқан бірнеше мотоциклді көрген. Ал одан кейін күңгірт түсті арқанды жинап жатқан ер адамды байқаған.
"Достарыммен бірге Вильгельм Пик көшесіне, қиылысқа таяп қалған едік. Жанымыздан екі мотоциклдің өтіп кетті. Сәл жақындай түскенімізде, бұрылыстан-ақ олардың құлап түскенін байқадық. Бағанның жанында бір ер адам арқан ба, кабель ме, әйтеуір күңгірт бірдеңені орап жатыр екен. Артынан патрульдік көлік келіп тоқтады. Жанымызға полицейлер келіп, нөмірімізді, біз туралы мәліметтер алды. Осыдан кейін бізді ІІБ-на алып кетіп, сонда жауап алды. Иә, бұл оқиға көз алдымызда болды", – дейді куәгерлердің бірі.
Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, қайғылы оқиғаға үйлердің бірінің жанындағы бағанға жылқы байланған арқан себеп болған. Осы оқиғаға қатысы бар болуы мүмкін деген ер адам полицияға жеткізілді. Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша (Абайсызда қазаға ұшырату) қылмыстық іс қозғалды.
"Алдын ала анықталғандай, жасөспірім жақын маңдағы үйдің бағанына жылқы байланған арқанға соғылу салдарынан ажалды жарақат алған. Көлік құралын басқарған жасөспірім оқиға орнында көз жұмды, ал 15 жастағы жолаушы қыз медициналық мекемеге жатқызылды. Риддер қалалық полиция бөлімі кәмелетке толмаған баланың абайсызда қаза болуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деді Шығыс Қазақстан облысы тергеу басқармасы бастығының орынбасары Ғазиз Нұралин.
Мотоциклде отырған 15 жастағы жолаушы да зардап шекті. Қазір ол Риддер ауруханасының травматология бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы тұрақты, ауыр емес деп бағаланып отыр. Қызға жабық бас-ми жарақаты, жеңіл дәрежелі ми шайқалуы, басы мен бетінің сырылуы диагнозы қойылған. Ауруханада жасөспіріммен дәрігерлерден бөлек психолог та жұмыс істеп жатыр.
"Ол қазір травматология бөлімінде жатыр, оған жабық бас-ми жарақаты және жеңіл дәрежелі ми шайқалуы диагнозы қойылған. Бастың шаш өсетін бөлігі мен бетінде сырылған жерлер бар. Жағдайы ауыр емес. Баланың есі бар, сөйлеседі, тек кішкене психологиялық күйзеліс алған. Кеше психологқа көрсеттік, ол тиісті көмек көрсетті. Әзірге ол бізде дәрігерлердің бақылауында болады, жан-жақты тексеру мен көмек көрсетілуде. Денсаулығына кері әсер ететіндей ауыр жарақат жоқ. Әрине, бала қазіргі уақытта шок жағдайында, біртіндеп өзіне келіп жатыр", – деді Риддер қалалық ауруханасының терапевт дәрігері Ардагүл Бейсбаева.
Еске салайық, Риддерде 13 жастағы қыз мотокөлікпен келе жатып, үйдің маңында жылқы байлауға пайдаланылған арқанға соғылған еді. Салдарынан ол ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.
Астанада 68 жастағы қарияны металл іздегіштен өтерде шалбарын шешкені үшін жазаға тартты
