Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда 13 жасар қыз жылқы байланған арқанға соғылып, көз жұмды

13 жасар қыз
Фото: Әлеуметтік желіден скрин

Риддер қаласында 13 жасар қыз мотокөлікпен келе жатып, жылқы байланған арқанға соғылып, оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы оқиға 23 тамыз күні болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы оқиға 23 тамыз күні Риддер қаласында болды. 13 жастағы қыз мотокөлікпен келе жатып, үйдің маңында жылқы байлауға пайдаланылған арқанға соғылған. Салдарынан ол ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.

Онымен бірге болған 15 жастағы жолаушы жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.

Полиция абайсызда адам өліміне әкелу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жылқының иесі анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Полиция өкілдері жануарларды жолдардың маңында жаюға және айдауға болмайтынын, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың көлік басқаруына тыйым салынатынын еске салды.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында 15 жастағы жасөспірім ата-анасының көлігін айдап кетіп, 14 жастағы қызды қағып кеткен. Қыз ауыр жарақат алып, бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатты. Оқиғадан кейін жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік және қылмыстық іс қозғалды. 

Айта кетейік, 127-бап ата-аналар немесе заңды өкілдер бала тәрбиелеу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындамаса, 39 320 теңге айыппұл салынады. Ал 345-бап бойынша жол ережесін бұзып, орташа ауыр жарақат келтіргендер 629 120 теңгеге дейін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыс, 40 тәулікке дейін қамау жазасын алады немесе 2 жылға дейін белгілі қызметпен айналысу құқығынан айырылады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 11:50