Шығыс Қазақстан облысында ер адам аюмен арпалысып аман қалды (видео)
Шығыс Қазақстанда 58 жастағы омарташы аюдың шабуылынан аман қалды. Жыртқыш ер адамды ауыр жарақаттағанымен, қасындағы екі серігінің көмегімен ол ажалдан құтылып, қазір ауруханадан шығарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақында ғана Шығыс Қазақстанда, былтырғыдай, аюлардың белсенділігі артқаны туралы хабарлаған едік. Көктемгі үсіктің салдарынан орманда жидек пен жаңғақ азайып, қорек тапшылығы байқалған. Қысқа қажетті май қорын жинау үшін аюлар қала мен ауыл маңына жиі келе бастаған.
Қазір орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағының инспекторлары Серебрянка, Өскемен және Риддер қалаларында кезекшілік атқарып жүр. Мамандар аюларды анықтап, үркіту арқылы қайтадан орманға қайтаруға тырысып жатыр.
Жергілікті тұрғындардың алаңдауы да түсінікті. Жыртқыш аңмен бетпе-бет келуді ешкім қаламайды. Жуырда Риддер қаласының 29 шілдеде аю шабуылына ұшыраған тұрғыны ауруханадан шығарылды.
Жедел әрекет ету жасағы басшысының орынбасары Сергей Карманниковтың айтуынша, бұл оның орман шаруашылығында 20 жыл жұмыс істеген кезеңіндегі өңірде аюдың адамға шабуыл жасаған алғашқы оқиғасы.
Куәгерлердің сөзінше, Риддердің 58 жастағы тұрғыны, омарташы Иван жергілікті туристер келетін тайгадағы демалыс үйінің маңында аюға тап болған. Айналада Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аумағы орналасқан, мұнда да туристік бағыттар бар.
Аюдың адамға не себепті шабуыл жасағаны белгісіз. Жыртқыш ер адамға тап беріп, ауыр жарақат салған. Риддер қалалық ауруханасының мәліметінше, ер адамның бас терісінде көптеген жыртылған және тістелген жарақаттар, сондай-ақ аяқ-қол сүйектерінің ығысуымен ашық сыну анықталған.
Иванға аюдан аман қалуға жанындағы екі серігі көмектескен. Олар жыртқыштан қорғанып, оны кері қайтарған.
Аю қашып кеткеннен кейін зардап шеккен ер адам ауруханаға жеткізілді. Қазір ол үйіне шығарылған, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ал Риддер және Шығыс Қазақстан облысының өзге де қала-аудандарының тұрғындары аюлардың жеке секторлар мен бау-бақша аумақтарында жүргенін хабарлауды жалғастырып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында аюдың адамдарға жақын жүргені хабарланған еді. Жыртқыш Ақжайлау мен Урунхайка ауылдарының арасындағы жолда байқалып, оқиға орнына орман шаруашылығы қызметкерлері мен полиция жіберілген. Кейін аю өздігінен таулы-орманды аймаққа қайтып кеткен.
"Таза қазақша сөйлегім келеді": Парижде тұратын француз қызы қазақ тілін үйреніп, мәдениетін дәріптеп жүр
