"Таза қазақша сөйлегім келеді": Парижде тұратын француз қызы қазақ тілін үйреніп, мәдениетін дәріптеп жүр
Француз қызы Элиз қазақ тілін үйреніп қана қоймай, оны әлеуметтік желіде дәріптеп жүр. Ол Қазақстанмен алғаш рет YouTube-тегі саяхат туралы видео арқылы танысқан. 24 жастағы қыз бүгінде қазақ тілін күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған. Stan.kz тілшісі қыздан қазақ тілін не үшін таңдағанын, оны үйрену кезінде қандай қиындықтарға тап болғанын сұрап білді.
24 жастағы қыз Францияның оңтүстік-шығысындағы Прованс аймағында дүниеге келген. Қазір Парижде тұрады және сапа менеджері болып жұмыс істейді.
Қазақстанға қызығушылығы YouTube-тен басталған
Элиздің айтуынша, ол Қазақстан туралы алғаш рет 2019 жылы Rocky Journeys YouTube-арнасынан көрген влог арқылы білген.
“Шынымды айтсам, бұл видео қызығушылығымды бірден оятты. Өте қызыққұмар адаммын және жаңа нәрселерді үйренгенді жақсы көремін. Влогты көріп отырып, Қазақстан туралы іс жүзінде ештеңе білмейтінімді түсіндім. Ал бұл ел маған өте қызықты болып көрінді. Оның үстіне қазақ тілі де бірден құлағыма өте әдемі тіл болып естілді”, – дейді Элиз.
Осыдан кейін ол Қазақстанның тарихын, дәстүрлерін, музыкасын, тілін және басқа да мәдени ерекшеліктерін өз бетінше зерттей бастаған. Оған қоса бос уақытында әлеуметтік желілерде қазақ мәдениетіне деген қызығушылығымен бөліседі.
Қазақ тілін үйренуге бірнеше жыл бұрын қызыққан
Элиз қазақ тілін алғаш рет 2020 жылы, COVID-19 пандемиясы кезінде үйренуге тырысқан. Алайда ол кезде тілді ұзақ уақыт жалғастыруға мүмкіндік болмаған.
“Сол кезде әліпбидің бірнеше әрпін ғана үйрендім. Әрі қарай жалғастыра алмадым. Себебі қазақ тілін онлайн үйренуге арналған ағылшын немесе француз тіліндегі ресурстарды табу өте қиын болды. Ол кезде Парижде емес, ауылдық жерде тұратын едім. Сондықтан қазақ қауымдастығымен кездесуге немесе қазақ тілін үйренудің басқа жолын табуға мүмкіндігім болмады”, – дейді ол.
Элиз қазақ тілін шындап 2025 жылдың қыркүйегінде үйрене бастаған.
“Елді жақсырақ түсіну үшін оның тілін де білу керек деп ойладым. Сонымен қатар қазақ тілі құлағыма өте әдемі әуен сияқты естіледі. Маған дыбысталуы қатты ұнайды. Француз, яғни шетелдік адам ретінде Қазақстанда тұрмай-ақ және интернетте қазақ тілін үйренуге арналған ресурстар аз болса да, қазақ тілін үйренуге болатынын көрсеткім келеді”, – дейді Элиз.
“Басында көп сөзді айту қиын болды”
Француз қызы үшін тілді үйренудегі ең үлкен қиындықтардың бірі – грамматика. Оның сөзінше, қазақ тілі француз тілінен құрылымы жағынан қатты ерекшеленеді.
“Басында көптеген сөзді айту қиын болды, әсіресе грамматикасы. Қазақ тілі француз тілінен өте қатты ерекшеленеді. Мысалы, жалғаулар мен жұрнақтардың қолданылуы және сөйлемнің құрылымы мүлде басқаша. Шынымен де, ойлау тәсіліңді өзгертуге тура келеді. Кейбір дыбыстарды айту қиындау болды. Әсіресе “р” және “л” дыбыстары”, – дейді ол.
Дегенмен Элиз күн сайын өзін жетілдіруге тырысып жүр. Оның айтуынша, қазір қазақша бұрынғыдан еркінірек сөйлейді.
Элиз өзінің ауызша сөйлеу деңгейін A2, ал түсіну деңгейін A2 мен B1 аралығы деп бағалайды.
“Алты ай бұрынғыға қарағанда қазір өзімді әлдеқайда еркін сезінемін, бірақ қазақ тілін өте жақсы меңгердім деп әлі айта алмаймын. Видеоға алдын ала дайындалған кезде өз ойымды әлдеқайда оңай жеткізе аламын. Бірақ еркін, дайындықсыз әңгімелескен кезде әлі де қажет сөздерді іздеп, ойланып қаламын”, – дейді Элиз.
Ол қазақ тілінде мүмкіндігінше көп сөйлегісі келеді. Алайда Франциядағы күнделікті өмірінде бұл тілді қолдануға мүмкіндік көп емес.
“Кейде қазақ достарыммен сөйлесемін немесе оларға сұрақтар қоямын. Әлеуметтік желілер де қазақ тілін жаттықтыруға мүмкіндік береді”, – дейді ол.
Элизге қазақ тіліндегі эмоцияға, табиғатқа және поэзияға байланысты сөздер ерекше ұнайды. Сонымен қатар ол қазақ есімдерінің жасалуына және олардың мағынасына қызығады.
“Маған “арман, жаным, көктем, аспан, ай” сөздері ұнайды. Өйткені олардың айтылуы өте әдемі және белгілі бір поэзиясы бар деп ойлаймын. Маған әсіресе эмоцияға, табиғатқа және поэзияға байланысты сөздер ұнайды. Қазақ тілінде осындай өте әдемі сөздер көп екенін байқадым. Қазақ есімдерінің қалай жасалатыны және олардың мағынасының терең әрі мәнді болғаны да қатты ұнайды”, – дейді Элиз.
“Қазақтың қонақжайлығына тәнтімін”
Элизге қазақ мәдениетіндегі ең ұнайтыны – халықтың қонақжайлығы мен адамдардың бір-біріне деген құрметі. Оған қазақтың тілі, салт-дәстүрі, музыкасы, ұлттық киімі мен тағамының тарихы да ерекше қызық. Элиздің айтуынша, осының бәрінен қазақ халқының мәдениеті мен өмір салтын тануға болады.
“Қазақ тілін көбірек үйренген сайын, қазақ мәдениетінің кейбір қырларын да жақсырақ түсіне бастаймын. Қазақтармен ұқсастығым – шайды өте жақсы көремін. Күн сайын, әр тамақтан кейін шай ішемін. Ал көптеген француздардан айырмашылығым, кофені ұнатпаймын”, – дейді ол.
Ол қазақ отбасыларындағы дастархан басындағы дәстүрді де өз отбасындағы құндылықтарға ұқсатады.
“Қазақтарда тамақтану уақытының өте маңызды екенін байқадым. Бүкіл отбасы дастархан басына жиналып, бірге тамақтанады. Менің отбасымда да осындай құндылықтар бар, бұл нәрселерді ата-анамнан үйрендім”, – дейді Элиз.
“Парижде қазақтың ұлттық киімі байқауында жеңімпаз болдым”
Элиздің қазақ қауымдастығымен байланысы да ерекше. Оның айтуынша, Париждегі қазақтар оны түрлі іс-шаралар мен кездесулерге жиі шақырады. Ол Наурыз мерекесіне және Құрылтайға да қатысқан.
Әсіресе 2025 жылы Наурыз мерекесі оның есінде ерекше сақталған.
“Ол кезде әлі қазақша сөйлей алмайтын едім. Бірақ Париждегі қазақ қауымдастығының іс-шараларына тұрақты түрде қатысып жүрдім. Сол күні әдемі ұлттық киім кию мүмкіндігіне ие болдым. Оған қоса ең үздік ұлттық киім номинациясы бойынша жүлде жеңіп алдым. Осындай мүмкіндікке ие болғаныма шын қуандым”, – дейді ол.
Элиздің айтуынша, қазақтардың оның қызығушылығына реакциясы да жағымды.
Элиз Қазақстанға да келіп үлгерген. Ол Ақтау мен Маңғыстау өңірінде болған. Әсіресе Бозжыра мен Каспий теңізінің табиғаты оған қатты әсер еткен. Енді ол келесі сапарында Алматыға келгісі келеді.
“Алматыға барғым келеді. Қазақ тіліндегі жаңа кітаптар сатып алып, жаңа жерлерді көрсем деймін. Оның үстіне қазақтың ұлттық тағамы қазы жегім келеді. Тауларда жаяу серуендеп, тағы да ұлттық киімдер мен дәстүрлі әшекейлер тағуды жоспарлап отырмын”, – дейді ол.
Элиздің қазақ тілін үйренудегі басты мақсаты – бір жылдан кейін еркін әрі табиғи сөйлеу.
“Бір жылдан кейін қазақ тілінде ұзақ әрі шынайы әңгіме жүргізіп, әр сөйлемді алдын ала ойланбай сөйлей алғым келеді. Ең бастысы, табиғи түрде, “таза қазақша” сөйлегім келеді. Француз тілінен ойымда аудармай, емін-еркін сөйлесуді қалаймын”, – дейді ол.
Сонымен қатар Элиз Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланысты нығайтқысы келеді. Ол әлеуметтік желідегі контентін жалғастырып, қазақтарға француз тілін үйретуді жоспарлап отыр.
“Қазақ тілі мен мәдениеті туралы контент жасауды жалғастырып, Франция мен Қазақстан арасында мәдени көпір құруды қалаймын. Сонымен қатар қазақтарға қазақ тілінде онлайн француз тілі сабақтарын жасағым келеді. Егер болашақта мүмкіндік болса, француз немесе ағылшын тілінде сөйлейтін адамдарға арналған қазақ тілін үйрену ресурстарын жасауды да жоспарлап отырмын”, – дейді Элиз.
Ол қазақ тілін меңгерген сайын алдына жаңа мүмкіндіктер ашылатынына сенеді.
“Қазақ тілім жақсарған сайын алдымнан көптеген әдемі мүмкіндіктер ашылады деп үміттенемін. Ал мені басынан бастап қолдап келе жатқан өз қауымдастығыма өте ризамын”, – деді Элиз.
Шет тілдерін үйренуді ұнататын Элиз полиглот болғысы келеді.
"Таза қазақша сөйлегім келеді": Парижде тұратын француз қызы қазақ тілін үйреніп, мәдениетін дәріптеп жүр