Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Land Rover, бес бөлмелі пәтер және жер учаскелері: Заңсыз кен өндірген кәсіпкер 1 миллиард теңге табыс тапқан

темір кені
Фото: ҚМА

Шығыс Қазақстан облысында "AK Metal" ЖШС басшысы Д.К. Бектемиров заңсыз кен өндіріп, 1 миллиард теңгеден астам табыс тапқаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, серіктестікке берілген лицензия тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана рұқсат еткен. Алайда зертханалық және технологиялық зерттеу деген желеумен темір кені мен темір кені концентраты өнеркәсіптік көлемде өндіріліп, кейін Қазақстанда және шетелде сатылған.

Кен өндіру жұмыстарының салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, жердің табиғи бедері мен ландшафты өзгерген, тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған. Бұл аумаққа елеулі техногендік әсер тигізген.

Жалпы 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, сатылған. Қылмыстық жолмен алынған табыс 1 миллиард теңгеден асқан.

Сотталған адам осы қаражатқа қымбат активтер сатып алған. Land Rover автокөлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық үй-жай, екі тұрақ орны және Алматы мен Алматы облысындағы екі жер учаскесі.

Сот құны 1 миллиард теңгеден асатын бұл мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында да заңсыз кен өндіру ісі әшкереленген еді. 2020-2023 жылдары 16 мың тоннадан астам марганец кені заңсыз өндіріліп, мемлекетке 1,3 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген. Кінәлі азамат 5 жыл 4 айға сотталып, 4,8 миллиард теңге мемлекет кірісіне өндірілген.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 10:05