Қызылордада алтын қазып, Алматыда сатып жүрген қылмыстық топ ұсталды
Қызылорда облысының Шиелі ауданында табиғи алтынды заңсыз өндіріп, оны Алматыда сатып келген қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Арнайы операция барысында 13 адам ұсталып, құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат пен арнайы техника тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті облыстық прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Тергеу мәліметінше, топ мүшелері Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын өндірген.
Қылмыстық топ ішінде міндеттер нақты бөлінген. Бірі алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмыстарын ұйымдастырса, екіншілері алтынды тасымалдап, сатумен айналысқан. Ал тағы бір бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Заңсыз әрекетті жасыру үшін өндіріс орнының маңына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар аумақты торуылдап жүрген. Олар бөгде адамдардың немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің келгенін алдын ала хабарлап отырған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, өндірілген алтын Алматы қаласына жеткізіліп, сатылғаннан кейін түскен қаражат қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген.
Тінту кезінде құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар екі пневматикалық тапанша мен бір тегіс ұңғылы мылтық табылған.
Қазір 13 адам қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстанда күдіктілер екі жыл заңсыз алтын өндіріп, өзен арнасын өзгертіп жіберген еді. Жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұза отырып, күдіктілер екі жыл бойы тиісті лицензиясыз заңсыз алтын өндіріп, "Құлынжон" өзенінің арнасын өз бетінше өзгерткен. Заңсыз әрекеттің салдарынан табиғатқа келтірілген залал көлемі 82 миллион теңгеден асты. Тексеру барысында ауыр арнайы техника – жүктиегіш, самосвал, экскаватор және өнеркәсіптік жабдық тәркіленді.
Алматыдағы саябақта агрессивті ер адам балаларға шабуыл жасады
