Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік малшы өзін ұрған ғалымның жазадан құтылып кетуінен қорқады

Ғалым Өтеген Жақыпов
Фото: hronika.kz

Алға ауданындағы малшы Арыстанбек Бахилин өзін ұрып-соқты деп айыптаған белгілі ғалым Өтеген Жақыповтың жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін екенін айтып, алаңдаулы. Оның сөзінше, жанжалға тағы екі адам қатысқанымен, олар әлі күдікті ретінде танылмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі hronika.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент әрі қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым Өтеген Жақыповқа қатысты Қылмыстық кодекстің 109-бабы "Ұрып-соғу" бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол күдікті деп танылған.

Оқиға биыл шілде айында болған. Алға ауданының малшысы Арыстанбек Бахилин жайылымда бірнеше бұқашығын жоғалтып алып, кейін олардың "Өтеғұл-1" шаруа қожалығының малына қосылып кеткенін анықтаған. Малын қайтарып алу үшін барған Бахилиннің айтуынша, шаруа қожалығының басшысы Өтеген Жақыпов бөтен малды беруден бас тартқан.

Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, жанжал соңы төбелеске ұласып, Жақыпов оны ұрып-соққан. Қазір малшы оны тек Жақыпов емес, тағы екі адамның бірге соққыға жыққанын айтып отыр. Алайда олардың күдікті ретінде танылуына қатысты әзірге нақты шешім жоқ.

"Жақыпов ауданға беделді, жағдайы бар адам. Оның жазадан құтылып кетуінен қорқамын. Тіпті мені өзімді кінәлі етіп шығаруы мүмкін", - дейді Арыстанбек Бахилин.

Ашық деректерге сәйкес, Өтеген Жақыпов Ақтөбе облысына белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты. Ол ақын Қуандық Шаңғытбаевтың шығармашылығын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғаған және өңірдің рухани-мәдени өміріне белсенді араласып жүрген тұлға. Сонымен қатар Алға ауданындағы "Өтеғұл-1" шаруа қожалығын басқарады.

Жақыпов мемлекеттік наградаға ие болған. Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісімен де марапатталған.

Еске салайық, бұған дейін 60 жастағы Рахат Сәрсенов 33 жыл бойы жылқы бағып, кейін қожалық иесінің арызымен 100 бас жылқыны жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталған еді. Алайда апелляциялық сотта қосымша дәлелдер зерттеліп, жүз жылқы емес, небәрі бір жылқының ғана жоғалғаны анықталды. Сот үкімді қайта қарап, Сәрсеновті сот залынан босатты.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 09:21