Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2027 жылы елде әлеуметтік сала мен экономикаға 14,4 триллион теңге жұмсалмақ

қаржы экономика
Фото: magnific.com

2027 жылы Қазақстанның әлеуметтік саласы мен экономиканың нақты секторына 14,4 трлн теңгеден астам қаржы бағытталмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев 2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі шығыстары әлеуметтік міндеттемелер мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталатынын айтты.

Әлеуметтік саланы қаржыландыруға 10,5 триллион теңге немесе бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 34,9%-ы көзделген. Алушылар санының өзгеруін және халықты қолдауға жұмсалатын әлеуметтік төлемдерді индекстеуді ескере отырып, қосымша 739 миллиард теңге бөлінді

"Экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығыстары 3,8 трлн теңгені құрайды, бұл  шығыстардың жалпы көлемінің 12,9%-ы, әрі осы жылдың деңгейінен 507 млрд теңгеге артық. Ұлғаю, ең алдымен, ел экономикасы үшін жүйелі маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырумен байланысты. Жалпы жергілікті атқарушы органдардың даму бюджетін қоса алғанда, нақты секторды қолдауға жұмсалатын шығыстар шамамен 7 триллион теңге болады", – деп атап өтті Мәди Такиев.

Еске салайық, бұған дейін 2027-2029 жылдарға арналған болжам бойынша, Ұлттық қор активтері біртіндеп өсіп, 2029 жылы 70,6 миллиард долларға жетуі мүмкін. Алайда осы кезеңде қор қаражаты республикалық бюджет пен ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға да бағытталмақ.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 11:01