Алматыда 50-ден аса үлескер аяқталмаған коттедждеріне салған ақшасын қайтара алмай жүр
Алматыда 50-ден астам адам төрт жыл бұрын коттедж құрылысына қаржы салғанымен, әлі күнге дейін баспанасына қол жеткізе алмаған. Кейбірі несие алып, енді бірі өз үйлерін сатып, құрылысқа ақша құйған үлескерлер қазір полициядан қаражаттарын қайтаруға көмектесуді сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Төрт жыл бұрын ондаған отбасы коттедж қалашығының құрылысына ақша салған. Алайда көптен күткен баспанасына әлі күнге дейін қол жеткізе алмаған. Енді зардап шеккендер полицияға жүгінді. Алматының тау бөктеріндегі бұл коттедж қалашығы ондаған отбасының орындалмаған арманына айналған. Үлескерлер нысанды қарақшылардан қорғау үшін мұнда күн сайын дерлік келіп тұрады.
Олардың 50-ден астамы несие рәсімдеп, кейбірі бұрынғы баспанасын сатып, құрылысқа қаржы салған. Тұрғындардың бірі Рүстем Әбуғали қоныстой тойы әлі болмағанын айтады.
"Бізге олар құрылыс алаңы қоршалғанын, жұмысшылар мен техниканың барын айтты. Сондықтан бізде күдік болған жоқ. Құрылыстың аяқталу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Құрылыс салушы қаржылық қиындықтары барын алға тартты. Кейін біздің үйдің бізден басқа тағы екі иесі бар екенін білдік. Яғни ол бір үйді алдымен бізге, кейін тағы екі адамға сатқан", – деді тұрғын Рүстем Әбуғали.
Коттедж қалашығының құрылысы 2022 жылы басталған. Жеке кәсіпкер үйлерді іргетасы қаланған кезде-ақ сатқан. Үлескерлермен алдын ала сатып алу-сату келісімшартын жасап, әр үй үшін 33 миллион теңгеден сұраған.
Қазір нысанда тек іргетас пен кірпіш қабырғалар тұр. Терезе, есік және баспалдақ жоқ. Құрылыс жұмыстары толық тоқтап қалған.

Ержан Шералиевтің отбасы кеңірек баспанаға көшу үшін 400 шаршы метрлік үйін үш коттеджге айырбастаған. Олар өз үйлерін компания басшысының атына рәсімдеп берген. Алайда құрылыс аяқталмай қалған. Төрт жылдан бері Ержан жұбайымен, балаларымен және қарт анасымен жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.
"Ол жер телімі өзіне тиесілі екенін растайтын eGov анықтамасын көрсетті. Сатып алу-сату келісімшарты болды. Мен анама тиесілі үйді Макеевтің атына жаздырдым. Ал ол бізге үш коттедж сатып алғанымыз туралы алдын ала келісімшарт берді", – деп түсіндірді тұрғын Ержан Шералиев.
Кейін үлескерлер компания басшысы жер учаскелері мен үйлерді бірнеше рет басқа адамдарға сатып, ақшамен бірге ізін суытқанын анықтаған. Оның кеңсесі құрылыс алаңындағы темір контейнерде орналасқан. Қазір кәсіпкер телефон қоңырауларына да жауап бермейді.
"Игорь үнемі байланыста болатын. Бірақ бір кезде телефонын өшіріп, хабарсыз кетті", - деді тұрғын Святослав Алефиренко.
Үлескерлер полицияға арызданған. Құқық қорғау органдары аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті халықаралық іздеуге жарияланған.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, азамат М ресми түрде күдікті деп танылған. Сот сырттай оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған. Қазір құқық қорғау органдары келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр. Күдіктінің нысандарына тыйым салынған. Егер оның кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда үлескерлер бірнеше жылдан бері пәтеріне қол жеткізе алмай жүргенін хабарлаған едік. Олардың айтуынша, құрылыс салушы үйді тапсыру мерзімін бірнеше рет кейінге шегерген. Компания мұны құрылыс материалдарының тапшылығы мен қаржылық қиындықтармен түсіндірген.
"Таза қазақша сөйлегім келеді": Парижде тұратын француз қызы қазақ тілін үйреніп, мәдениетін дәріптеп жүр