Ливан азаматы кореялық құрылғыны қазақстандық деп көрсетіп, министрлікті 14 миллиард теңгеге алдап кетті
Алматыдағы соттардың бірі 56 жастағы ливандық Зогби Фернандқа қатысты үкім шығарды. Ол жалған медициналық бұйымдар өндіріп, Денсаулық сақтау министрлігіне 14 миллиард теңгеден астам өнім сатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Фармактив" ЖШС-нің директоры әрі иесі Зогби Фернанд соңғы 10 жылда компания қандағы глюкоза деңгейін бақылауға арналған жүйелерді сатумен айналысқан. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мен дәрі-дәрмек сатып алудың бірыңғай операторы – "СК-Фармация" басқа жеткізушілердің қызметіне жүгінген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Фернанд отандық өндіруші болуды шешкен. Ол үшін өнімдеріне мемлекеттік органдардан тіркеу куәліктерін рәсімдеген. Кейін қандай да бір жолмен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Атамекеннен" CT-KZ сертификаттарын да алған. Осы құжаттар "Фармактив" ЖШС-не "СК-Фармация" өткізетін конкурстарға қатысуға жол ашқан. Ал 2017 жылы ливандық кәсіпкердің компаниясы Денсаулық сақтау министрлігіне 17 миллиард теңгеге өнім жеткізу туралы 10 жылдық келісімшартқа отырған.
Осылайша, іс жүзінде елге глюкозаны өлшейтін дайын құрылғылар мен тест-жолақтарға арналған парақтар әкелініп, оларды қарапайым тәсілмен кесіп, белгісіз затпен өңдеген. Барлығы "CodeFree" брендімен қапталып, кейін тегін медициналық көмек аясында таратылған.
Алайда бұл схема Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің назарына іліккен. 2025 жылы Зогби ұсталып, жақында сот алдында жауап берді.
Шетел азаматы өз кінәсін мойындамаған. Алайда оның бірнеше қызметкері сотта Фернандтың нұсқауы бойынша мемлекеттік органдарға ұсынылатын құжаттарды қолдан жасағандарын және басқа адамдардың атынан келісімшарттарға қол қойғандарын айтқан.
Өз әрекеттерінің нәтижесінде ливандық кәсіпкерке салық және кедендік жеңілдіктер жасалған. Мысалы,мол бюджетке 500 миллион теңгеден астам ҚҚС төлемеген.
Денсаулық сақтау министрлігі мен "СК-Фармация" сапасы күмәнді өнімдерді жеткізуден келген шығынды 14 миллиард теңгеден астам деп бағалады.
“Зогби Фернанд алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар одан жалпы сомасы 15 миллиард теңгеден астам қаражат өндірілді. Оның және туыстарының есепшоттарындағы барлық ақша, сондай-ақ жылжымайтын мүліктері мен көліктері тәркіленді”, – делінген сот қорытындысында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ
"Таза қазақша сөйлегім келеді": Парижде тұратын француз қызы қазақ тілін үйреніп, мәдениетін дәріптеп жүр
