Ұлттық қор қаржысын әлеуметтік нысандарға жұмсау дұрыс па: Экономист талдап берді
Президент Тоқаев Қазақстанда әлеуметтік нысандар салу үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдалану керегін айтты. Мемлекет басшысы қордағы қаражат тұрып қалмай, халықтың игілігіне жұмсалуы керек дейді. Осыған орай Stan.kz қор қаражатын жұмсау экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді екенін, оның инфляцияға ықпалын экономист Арман Бейсембайдан сұрап білді.
23 тамыз күні Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс берді. Одан кейін журналистерге сұхбат беріп, Ұлттық қор қаражатын жай ғана сақтап отыруға қарсы екенін, ақшаны халыққа жұмсау керегін жеткізді.
Ұлттық қордың бастапқы мақсаты қандай болды?
Ал экономист Арман Бейсенбай Ұлттық қорды қаржы тапшылығын жоюға емес, ел экономикасын дамытуға жұмсау керек деп ойлайды.
“Қор бастапқыда дағдарыс кезінде пайдаланылатын қаржы көпшігі және болашақ ұрпаққа қалатын қаражат ретінде құрылған. Қандай да бір дағдарыс туған жағдайда оны пайдаланамыз деген түсінік болды. Ұлттық қор қаражатын мектеп, аурухана, балабақша, жол, көпір және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым салуға бағыттау стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім. Дегенмен қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ететін нақты бақылау жүйесі құрылуы керек”, – деді экономист.
Арман Бейсембайдың айтуынша, қордың “болашақ ұрпақ қоры” деп аталуы да бекер емес.
“Бұл қаражатты болашақ ұрпақ пайдалана алады деген түсінік болды. Мұнай қоры азайған немесе қазіргі көлемдегідей қажет болмай қалған кезде осы қауіпсіздік жастығын пайдаланып, экономиканы қайта құруға, оның құрылымын өзгертуге мүмкіндік болуы керек еді. Десе де Ұлттық қордың стратегиялық мақсаты нақты белгіленбеген. Өйткені “болашақ ұрпақ” деген түсініктің өзі бұлыңғыр. Бізге “болашақ ұрпақ” дегеніміз не екенін нақты түсіну қиын. Себебі өзіміз болашақ ұрпақпыз ба, әлде емес пе? Бұл да түсініксіз. Қазір бізде екінші президент отыр. Сонда болашақ келді ме, жоқ па? Бұл да белгісіз”, – дейді экономист.
Арман Бейсембайдың пікірінше, Қазақстанда экономиканы қайта форматтау, өңдеу өнеркәсібін қалыптастыру және экономиканы әртараптандыру міндеті тұр.
“Қазір экономиканы қайта форматтау бойынша үлкен бағдарлама іске қосылды. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға қаржы қажет, ал оны басқа жерден табу қиын. Сондықтан ақша жетіспеген жағдайда Ұлттық қор қаражатын экономиканы реформалауға және мектептер, ауруханалар, университеттер, жолдар сияқты әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағыттау орынды. Бұл – елдің болашағына салынатын инвестиция”, – деді экономист.
Қор қаржысы нақты қайда жұмсалуы керек?
Алайда экономист Ұлттық қорды пайдаланбас бұрын нақты дайындық жұмыстары жүргізілуі керек деп санайды.
“Бұл жұмыс Ұлттық қор қаржысының нақты қандай мақсаттарға жұмсалатынын анық жазудан басталуы керек. Демек Ұлттық қордың нақты тұжырымдамасы бекітілуі тиіс. Ол үшін мемлекет ең алдымен қордың не үшін қажет екенін анықтап алуы қажет”, – дейді экономист.
Экономист президенттің “бұл ақшаны шетелде бағалы қағаз түрінде неге ұстап отыруымыз керек” деген сұрағына да пікір білдірді.
“Президент бұл сұрақты бекер қойған жоқ. Негізінде бұл – біз тапқан ақша. Демек көмірсутектерді, өз шикізатымызды сатудан түскен пайда. Қазіргі кезде бұл қаражат Қазақстан экономикасының дамуына тікелей жұмыс істеп тұрған жоқ. Ол елдің сыртында қалады. Бір жағынан, бұл “қоржындағы ақша” сияқты. Оны қалай пайдалану керек, қашан пайдалану керек, “болашақ” қашан келеді — бұл түсініксіз. Қазір жағдай нашар ма, әлде нашарлауы мүмкін бе? Оған да нақты жауап жоқ”, – дейді экономист.
Арман Бейсембайдың айтуынша, қазір Қазақстан алдында экономиканы қайта құру және еңбек бөлінісін тереңдету міндеті тұр. Бұл ретте шикізатты өңдеу маңызды.
“Бұған дейін біз шикізатты көп жағдайда өңдемей, бірден өндіріп, шетелге жіберіп отырдық. Қазір сол шикізатты өңдеуге, өңдеу өнеркәсібін қалыптастыруға үлкен міндет қойылып отыр. Ал оған ақша керек. Бюджетте де ақша көп емес”, – дейді экономист.
Оның сөзінше, осы тұста Ұлттық қор қаражатын пайдалану туралы ұсыныстың мәні пайда болады.
“Сондықтан президент айтқан ой маңызды: “Егер бюджетте ақша жеткіліксіз болса, Ұлттық қордағы қаражатты пайдаланып көрейік”. Болашақ ұрпаққа да бір нәрсе қалуы керек. Мұнай ерте ме, кеш пе бәрібір таусылады. Әлемдік экономика мүлде өзгереді, оған қазіргі көлемдегідей мұнай қажет болмай қалады. Біз екі жағдайда да күрделі мәселеге тап боламыз”, – дейді экономист.
Ұлттық қор қаржысын жұмсау инфляцияға әсер ете ме?
Экономист Ұлттық қор қаражатын әлеуметтік тұтынуға жұмсауға бұрыннан қарсы болғанын айтты.
“Басынан бастап Ұлттық қор қаражатын жай ғана тұтынуға, әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағыттауға қарсы болдым. Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде халықты қолдауы керек. Бірақ әлеуметтік шығындарды жабу үшін Ұлттық қорды пайдалану дұрыс емес. Бюджет тапшылығын қор қаражаты есебінен жабу орынсыз. Қаражатты ел дамуына инвестициялау керек”, – деді ол.
Арман Бейсембайдың сөзінше, елдің дамуы әлеуметтік нысандардың құрылысымен де тікелей байланысты.
“Егер мектеп, аурухана, балабақша салынса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Жұмыс істейтін адамдар салық төлейді, осылайша бюджетке түсетін кіріс те көбейеді. Сондықтан қаражатты осындай бағыттарға жұмсаған дұрыс. Сол себепті президенттің бұл ұсынысы базалық тұрғыдан дұрыс деп ойлаймын”, – деді экономист.
Дегенмен экономист мұндай ірі инвестициялардың инфляцияға әсері болуы мүмкін екенін де айтты.
“Инфляция мәселесі бар. Қазір мұны да бағалау керек. Мысалы, жаңадан салынған мектеп бірден пайда бермейді. Бұл — стратегиялық мақсат. Қазір ақша жұмсайсыз, ол ақша бірден экономикаға түседі және қандай да бір деңгейде инфляцияға әсер етеді. Мұны да түсіну керек. Ақшаны экономикаға тым қатты қысым жасайтындай етіп пайдаланған жөн”, – деді Арман Бейсембай.
“Өңірлерде жұмыс орындары жетіспейді”
Экономист елді дамытуды өңірлерден бастау керегін айтты.
“Әлеуметтік нысандар тапшы. Ауруханалар, мектептер, балабақшалар, тіпті балалар алаңы жетіспейді. Болашақ ұрпақтың дамуы үшін қажет инфрақұрылымды қазірден қалыптастыру қажет. Мұның бәрі болашақта білімді және жоғары білікті мамандар дайындауға мүмкіндік береді. Олар кейін сол кәсіпорындарға барып жұмыс істейді, түрлі өнімдер шығарады. Осылайша экономиканың күрделілігі арта түседі. Ал экономиканың күрделенуі елдің кірісіне, салық түсімдеріне тікелей әсер етеді. Өңірлерде жұмыс орындары пайда болады. Осындай нысандар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы”, – дейді Арман Бейсембай.
Дегенмен экономист ұсыныстың өзі жақсы болғанымен, оны жүзеге асыру кезінде қиындықтар туындауы мүмкін екенін ескертті.
“Сондықтан бұл жерде нақты ештеңе айта алмаймын. Өйткені мақсаттың өзі жақсы, ал оны жүзеге асыру жағы ақсап қалуы мүмкін. Бізде қаржы жымқыру жағдайлары болуы мүмкін екенін білеміз. Сондықтан Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың әр тиынына бақылау қажет”, – деді экономист.
“Мұнай сату арқылы күн көріп отырған елміз”
Арман Бейсембайдың пікірінше, Қазақстан экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, күрделі әрі технологиялық экономикаға айналдыру қажет.
“Қазір мұнай өндіру бойынша әлемде Америка Құрама Штаттары бірінші орында тұр. Десе де АҚШ мұнайлы ел емес. Жоғары дамыған, жоғары технологиялы мемлекет. Ол Сауд Арабиясынан да, Ресейден де көп мұнай өндіреді. Бірақ Сауд Арабиясы мен Ресей классикалық мұнайлы елдер болып саналады”, – деді экономист.
Оның сөзінше, Қазақстан да осындай модельге ұмтылуы керек.
“Біз де сондай бағытқа ұмтылуымыз керек. Мұнай секторы ешқайда жоғалмайды, ол қала береді. Бірақ ол экономиканың негізгі драйвері, негізгі табыс әкелетін секторы болмауы керек. Қазір бізде дәл солай. Біз – мұнай сату арқылы өмір сүріп отырған классикалық мұнайлы елміз”, – деді экономист.
Экономистің пікірінше, президенттің негізгі міндеттерінің бірі Қазақстанды технологиялық және қуатты өңдеу өнеркәсібі бар мемлекетке айналдыру.
“Экономика неғұрлым күрделі болса, ол түрлі дағдарыстарға соғұрлым төзімді болады. Егер экономика дағдарыстарға төзімді болса, онда Ұлттық қорға да қажеттілік азаяды. Экономиканың өзі қайта құрылып, дағдарыстан өздігінен шыға алады. Ал егер Қазақстан мұнайлы ел болып қала берсе, Ұлттық қордың маңызы бұрынғыдай жоғары болмақ. Мұнай бағасы төмендеді — дағдарыс басталды, Ұлттық қордан ақша алу керек. Мұнай бағасы өсті — бәрі тынышталды. Кейін қайтадан қайталанады. Бұл цикл үнемі болып тұрады. Әдетте экономикалық циклдерге байланысты мұнай бағасы шамамен бес-жеті жыл сайын төмендейді. Мұндай жағдай қайталанбас үшін экономиканы тұрақтандыратын басқа салаларды дамыту қажет”, – дейді экономист.
Арман Бейсембайдың пікірінше, мұндай факторлардың бірі — экономиканың басқа секторларын дамыту.
“Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі. Мұнай бағасы төмендеген кезде ол керісінше ұтуы мүмкін. Мұнай бағасы төмендеді, мұнай секторының жағдайы нашарлады, ал өңдеу өнеркәсібі жақсы жұмыс істей береді. Осылайша, бір сектор екіншісін теңестіреді. Бір сектордағы құлдырауды екінші сектордың өсуі жабады. Бұл барлық дағдарыстардан оңай өтуге мүмкіндік береді”, – дейді экономист.
Оның сөзінше, экономиканы дамыту, ең алдымен, білімді әрі дені сау ұрпақ қалыптастырудан басталады. Сондықтан Ұлттық қор қаражатын адами капиталға инвестициялау — елдің ұзақмерзімді дамуына салынған қаржы.