Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аустралия әлемде алғаш болып балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салды

Фото: ABC News Live

Аустралия әлемде алғаш болып балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заңды енгізді. 10 желтоқсанға қараған түннен  бастап 16 жасқа толмаған балаларға TikTok, Instagram, Facebook және басқа да платформаларға кіруге тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тыйым салынған платформаларға жататын TikTok, Facebook, Instagram, X, YouTube, Snapchat, Reddit, Kick, Twitch және Threads қолданбаларында 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың аккаунттары өшірілуі тиіс.

Ең ірі 10 әлеуметтік желіге сәрсенбіге қараған түні сағат 00:00-ден (Астана уақытымен сейсенбі 19:00) бастап балалардың кіруін бұғаттау міндеттелді. Бұл талап орындалмаса, жаңа заң бойынша 49,5 миллион австралиялық доллар (33 миллионАҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады.


Норвегияда 15 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желі қолдануға тыйым салынады


Әлеуметтік желі арқылы 3 500 балаға жәбір көрсеткен ер адам бас бостандығынан айырылды


X-тан басқа платформалар тыйымды орындайтынын растаған. Десе де жаңа заң ірі технологиялық компаниялар мен сөз бостандығы ұйымдарының сынына ұшырады. Алайда ата-аналар мен балалар құқықтарын қорғаушылар бастаманы қолдады. Тыйым алғашқы күннен-ақ қиындықтарға тап болды. Себебі кейбір 16 жасқа толмаған жасөспірімдер бет-әлпетті тану арқылы жас анықтау тестінен өтіп кеткен. Алайда үкімет алғашқы күннен бастап мінсіз нәтиже күтпейтінін айтқан. 

Бұл тыйымды басқа елдер де жіті бақылап отыр. Олар да әлеуметтік желілердің балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне әсер ететінін айтып, осындай шараларды қарастырмақ. Бірнеше мемлекет, соның ішінде Малайзия, Дания және Норвегия да осындай шектеулер енгізуге ниетті екенін мәлімдеді. Еуропалық одақ та ұқсас шектеулер енгізу туралы резолюция қабылдады. 

Қазақстанда да 16 жасқа толмағандарды онлайн-платформаларға тіркеуге тыйым салатын заң жобасы әзірленген. Мұндай бастама “Онлайн-платформалар және массмедиа мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасында қарастырылған. Құжатты Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салынатыны туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 13:59