Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Футбол сатылмайды": УЕФА әлем чемпионатына бойкот жариялайтынын мәлімдеді

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) ФИФА президенті Джанни Инфантиноның әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жекеменшік инвесторларға сату жоспарына үзілді-кесілді қарсы шықты. Ұйым бұл ұсыныстан бас тартылмаған жағдайда ФИФА ұйымдастыратын барлық турнирге, соның ішінде ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарына және клубтар арасындағы әлем чемпионатына бойкот жариялайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл шешім УЕФА-ның шұғыл отырысында қабылданып, оған мүше 55 ұлттық футбол қауымдастығының барлығы бірауыздан қолдау білдірді.

Кейінірек Солтүстік және Орталық Америка мен Кариб аймағының футбол конфедерациясы (КОНКАКАФ) да Инфантиноның ұсынысын қабылдамайтынын мәлімдеді. Алайда олар УЕФА секілді ультиматум қойған жоқ.

Егер тараптар мәмілеге келе алмаса, бойкот биыл қазанда әйелдер арасындағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің плей-офф ойындарынан басталуы мүмкін.

Даудың мәні неде?

Осы аптада ФИФА барлық 211 ұлттық футбол федерациясына хат жолдап, халықаралық футбол турнирлерін қаржыландыруға жекеменшік инвесторларды тарту жоспарын таныстырды. Ұйым федерациялардан 19 қыркүйекке дейін бұл ұсынысқа қатысты өз ұстанымдарын білдіруді сұрады.

ФИФА басшылығының айтуынша, бұл жоба жүзеге асса, әрбір ұлттық федерация 2027 жылдан бастап 40 миллион долларға дейін қосымша қаржы ала алады. Бұл қаражат футбол инфрақұрылымын дамытуға, ұлттық құрамаларды күшейтуге, жас ойыншыларды қолдауға және әйелдер футболын дамытуға бағытталмақ.

Алайда бұл жоспар көптеген сынға ұшырады. Сыншылардың пікірінше, Инфантино әлем чемпионатын коммерциялық активке айналдырып, өзіне жақын адамдардың пайда табуына жол ашпақ.

Болжам бойынша, инвесторларды тарту жұмысын америкалық Thrive Capital инвестициялық компаниясы жүргізуі мүмкін. Бұл компанияны АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің туған інісі Джошуа Кушнер құрған.

УЕФА: "Әлем чемпионаты сатылмайды"

УЕФА қабылдаған мәлімдемеде әлем чемпионаты ешқандай инвестициялық тауарға айналмауы тиіс екені атап өтілген.

Ұйым әлем чемпионаты – ондаған жылдар бойы футболшылардың, ұлттық құрамалардың және жанкүйерлердің ортақ еңбегімен қалыптасқан футболдың ең қымбат мұраларының бірі екенін мәлімдеді. Сондықтан оның ешбір бөлігі жеке инвесторлардың меншігіне берілмеуі керек.

Сондай-ақ УЕФА ФИФА бұл ұсынысты толықтай қайтарып алып, болашақта мұндай жоспарларға қайта оралмайтынына ресми кепілдік бермейінше, ұйымға мүше елдердің ешқайсысы ФИФА жарыстарына қатыспайтынын жеткізді.

Бұған дейін де УЕФА бірнеше рет ФИФА-ның әрекетін сынға алған еді. Ұйым ФИФА ұлттық қауымдастықтарға қысқа мерзім ішінде шешім қабылдауға қысым көрсетіп отырғанын айтып, мұндай тәсілдің өзі жоспардың қаншалықты күмәнді екенін көрсететінін мәлімдеді.

Тағы бір мәлімдемесінде УЕФА:

"Футболдың рухы мен оны басқару жүйесі – саудаланатын актив емес. Футбол ешкімнің жекеменшігі емес және оны сатуға ФИФА-ның құқығы жоқ", – деп атап өтті.

КОНКАКАФ та қарсылық білдірді

КОНКАКАФ құрамындағы 41 ұлттық федерация басшылары да Инфантиноның ұсынысы ФИФА-ның белгіленген рәсімдерін сақтамай әзірленгеніне алаңдаушылық білдірді.

Олар мәселе алдымен ФИФА кеңесінде қаралып, ұйым жарғысында көрсетілген барлық рәсімнен өтуге тиіс екенін айтты.

Конфедерация футболдың болашағы мен оның басты құндылықтары футбол қауымдастығының өз қолында қалуы керек деп есептейді.

Инфантиноның жоспары қандай?

ФИФА халықаралық турнирлердің коммерциялық құқықтарының 20%-ын жеке инвесторларға ұсынуды жоспарлап отыр.

Ол үшін ұйым FIFA Forward Enterprise (FFE) атты еншілес құрылым құруды көздейді. Бұл компания ФИФА-ның барлық коммерциялық және операциялық активін біріктіріп, оларды басқарумен айналысады.

ФИФА жылдың соңына дейін ұзақмерзімді инвесторлардан 4 миллиард доллардан астамқаржы тартуды жоспарлап отыр. Жалпы инвестиция көлемі 20 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.

FFE халықаралық турнирлермен қатар түрлі елдердің клубтық жарыстарының коммерциялық басқаруына да қатысуы ықтимал.

Сонымен қатар ФИФА жеке инвесторлар ешқандай жағдайда әлем чемпионаттарын өткізу процесіне араласпайтынын және спорттық шешімдерге ықпал етпейтінін ерекше атап өтті.

Әлемдік футболдағы реакция

ФИФА-ның бастамасы Англия футбол қауымдастығы (FA), European Leagues ұйымы және Халықаралық футболшылар кәсіподағы FIFPRO тарапынан да сынға ұшырады.

FA төрайымы әрі ФИФА вице-президенттерінің бірі Дебби Хьюиттің айтуынша, бұл бастама туралы ол алдын ала хабардар болмаған.

European Leagues ұйымы бұл ұсынысты "әлемдік футболды екіге бөлетін жауапсыз қадам" деп бағалады.

Ал FIFPRO әлем чемпионаты мен басқа да халықаралық турнирлерді инвестициялық активке айналдыру жарыстардың мәнін түбегейлі өзгертіп, футболдың негізгі қағидаттарына қауіп төндіретінін мәлімдеді. Сонымен бірге ұйым мұндай ауқымды жобаның жабық жағдайда дайындалғанына алаңдаушылық білдірді.

Испанияның Ла Лига президенті Хавьер Тебас Инфантиноны келесі ФИФА конгресі алдында қолдау жинауға тырысып жатыр деп айыптады.

Оның сөзінше, бұл футболды дамыту реформасы емес, керісінше футболдың болашағын саяси мақсатқа пайдалануға ұқсайды.

Ал Германия футбол одағының вице-президенті әрі дортмундтық "Боруссияның" президенті Ханс-Йоахим Ватцке бұл жоспарды "футболға жасалған тікелей шабуыл" деп атады.

Сонымен қатар Англия футбол қауымдастығының бұрынғы төрағасы Дэвид Бернстайн бұл ұсыныс жүзеге асса, Англия әлем чемпионатына қатысудан бас тартуы керек деген пікір білдірді.

Дегенмен УЕФА құрамындағы барлық ел бірдей қарсы емес. Чехия футбол қауымдастығының президенті Давид Трунда бұл жобаның чех футболына белгілі бір практикалық пайдасы болуы мүмкін екенін айтты.

Соған қарамастан Азия, Оңтүстік Америка және Солтүстік Америкадағы бірқатар футбол конфедерациялары да УЕФА-ның алаңдаушылығын бөлісіп отыр. Егер ФИФА өз ұстанымын өзгертпесе, әлемдік футбол тарихындағы ең ірі текетірестердің бірі басталуы мүмкін.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 31 Шілде, 2026 09:40