Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2030 жылға дейін екі газ өңдеу нысаны іске қосылады

Қарашығанық газ өңдеу зауыт
Фото: petroleumjournal.kz

Қазақстанда 2030 жылға дейін жаңа газ өңдеу қуаттары іске қосылады. Мұны үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ішкі тұтынуға арналған тауарлық газ өндіру көлемі 29,6%, яғни 2025 жылғы 27,4 миллиард текше метрден 2032 жылға қарай 35,5 миллиард текше метрге дейін ұлғаяды.

"Өсім Қашаған мен Қарашығанақта қайта өңдеу қуаттарын іске қосу есебінен қамтамасыз етілетін болады, бұл инфрақұрылымды кеңейтуге және өңірлерді газбен тұрақты жабдықтауға кепілдік береді. 2027-2030 жылдар аралығында тауарлық газдың қосымша көлемі 1,6 миллиард текше метрге, 2031 жылы – 2,3 миллиард текше метрге, ал 2032 жылы 6,6 миллиард текше метрге жетеді", — деді министр.

Ақкенженовтің айтуынша, басым міндеттердің бірі инфрақұрылымдық нысандарды уақтылы іске қосу.

2025 жылдың қазан айында "Талдықорған – Үшарал" магистральдық газ құбыры пайдалануға берілді. Бұдан басқа осы жылдың соңында "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбырының екінші желісіне қарасты желілік бөлігінің бірінші кезеңін, ал 2029 жылы оның екінші кезеңін аяқтау жоспарланып жатыр. Бұл тауарлық газдың қуатын жылына 15 миллиард текше метрге дейін арттырады.

2027 жылы Қашағанда қуаттылығы жылына 1 миллиард текше метр болатын ГӨЗ және Жаңаөзенде қуаттылығы жылына 0,9 миллиард текше метр болатын ҚазГӨЗ пайдалануға беріледі деген болжам бар.

“2030 жылға қарай Қашағанда қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр болатын ГӨЗ, сондай-ақ Қарашығанақта қуаттылығы жылына 5 млрд текше метр болатын ГӨЗ іске қосу көзделген. Осы жобаларды жүзеге асыру газды қайта өңдеуді ұлғайтуға, газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және өңірлерді тұрақты газбен жабдықтауға мүмкіндік береді", — деді Ақкенженов.
Қырмызы Скендір
Сейсенбі, 07 Шілде, 2026 10:39