Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы отбасылық жанжал кезінде ер адам 59 жастағы өгей әкесін пышақтап тастаған

Өгей әкесін өлтірген
Фото: almaty.police

Алматыда түн ортасында болған отбасылық жанжал адам өлімімен аяқталды. Тергеу мәліметінше, 34 жастағы ер адам өгей әкесін асүй пышағымен бірнеше рет пышақтап өлтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде орналасқан үйлердің біріндегі пәтерде түнгі сағат үштер шамасында болған. Полицияңа пышақтау болғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жедел жеткен. Дәрігерлер 59 жастағы ер адамды аман алып қалуға тырысқанымен, оның көп жерден пышақ жарақатын алып, көп қан жоғалтуына байланысты өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Полиция күдіктіні ізін суытпай ұстады. Тергеу мәліметінше, ол қаза тапқан ер адамның 34 жастағы өгей ұлы болып шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, отбасылық жанжал кезінде ол өгей әкесіне асүй пышағымен бірнеше рет соққы жасаған.

Полицияның хабарлауынша, қарастырылып жатқан негізгі нұсқалардың бірі – күдіктінің анасына қатысты туындаған келіспеушіліктің салдарынан шыққан жанжал. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Аталған факті бойынша адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеушілер оқиғаның толық мән-жайы мен қылмыстың себептерін анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 06 Шілде, 2026 18:49