"Болашақ ойындары – 2026": Ауқымды сайыста Қазақстан намысын кімдер қорғайды

Жаздың басты оқиғаларының бірі – "Болашақ ойындары 2026" мультиспорттық сайысының басталуына да санаулы күндер қалды. Ұйымдастырушылар фиджитал бағыттар бойынша сынға түсетін командалардың тізімін бекітті. Ал Қазақстан атынан бірден 5 команда сайысқа түспек.
"Болашақ ойындары 2026" 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында өтеді. 12 күнге созылатын жарысқа келесі дисциплиналар қосылған:
- Фиджитал Баскетбол;
- Фиджитал Футбол;
- Фиджитал шутер;
- Фиджитал жекпе-жек;
- Battle Royale;
- MOBA PC;
- MOBA Mobile
- Фиджитал билер.
Ауқымды байқауда Қазақстан намысын кім қорғайды?
Сайыстың басталуына да санаулы күн қалды. Ал ел намысын 5 команда қорғамақ:
- MOBA Mobile – Bumblebees (ойыншылары: Марғұлан Жамантаев, Давид Вандакуров, Ұлан Саламат, Рысбек Айдарбеков, Айтжан ...)
- MOBA PC – Rune Eaters (ойыншылары: Даниал Алибай, Абдималик Сайлау, Алим Беспаев, Әлібек Токаев, Никита Остахов);
- Battle Royale – DIGA Esports (ойыншылары: Нұржан Қоянақов, Дәуір Дегемерзанов, Эльдар Оспан, Санжар Қалиев, Азамат Жексенов);
- Фиджитал шутер – Novaq (ойыншылары: Дәурен Қыстаубаев, Михаил Столяров, Санжар Искаков, Рүстем Телепов, Сүлеймен Оразалы, Роман Кобзаев, Валерий Мұстафин), Team KZ (ойыншылары: Руслан Боржиков, Алдияр Алим, Жасұлан Әсембек, Жасұлан Тубаев, Қайыржан Махмут, Артем Черченко, Магеррам Садыгов).
Battle Royale дисциплинасы бойынша сынға түсетін Нұржан Қоянақов Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, дайындық барысы туралы айтып берді. Сөзінше, турнирге іріктеу ел бойынша жүргізілген.
"Ойындағы лақапатым – KoyaN. "Болашақ ойындарына" іріктеу болатынын естіп, бұрын бірге ойнаған достарымызбен команда құрдық. Басты ойымыз – бақ сынап көру. Осылай елдегі командалар арасынан үздік деп танылып, жолдама алдық. Қазір дайындық қызу жүріп жатыр. Шетелдік командалармен бірге ойындар өткізіп, әр ойынды талқылаймыз. Жарыс өз жерімізде өткендіктен, жеңіп шығу үшін барымызды саламыз", – деді Нұржан Қоянақов.
Билеттер сатылымы
Билеттердің сатылымы 1 шілдеде басталды. Сондай-ақ Freedom Ticketon платформасынан, Freedom SuperApp мобильді қосымшасы арқылы және GOTF 2026-ның ресми сайтынан жартылай финалға және финалға билет алуға болады.
Фиджитал спорт – физикалық және киберспортты біріктіретін инновациялық бағыт. Бұл ұғым 2022 жылы пайда болса да, қазірдің өзінде өз көрермендері мен аудиториясын жинап үлгерген. Мәселен, "Болашақ ойындары – 2026" турниріне 50-ден аса елден 900-ден аса спортшы қатыспақ. Ал жүлде қоры – 4 миллион доллар.
"Болашақ ойындары – 2026": Ауқымды сайыста Қазақстан намысын кімдер қорғайды