Ресей Қазақстаннан отын сатып алу туралы сауал жолдады ма – Энергетика министрлігі мәлімдемеге нүктесін қойды

Ресей Қазақстанның энергетика министрлігіне отын сатып алу туралы ешқандай ресми сұраныс жіберген жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев даулы мәлімдемеге нүктесін қойды.
Оның айтуынша, энергетика министрлігіне Ресей тарапынан мұндай сұраныстар түскен жоқ.
"Энергетика министрлігіне Ресей Федерациясынан ешқандай ресми сұраныстар түскен жоқ. Егер сұраныс түссе, біз оны ұлттық мүдделерді ескере отырып және өзара тиімді шарттарда қарастырамыз", – деді Тұтқышбаев.
Вице-министр ұқсас сұраныстардың басқа арналар арқылы түскені туралы сұраққа жауап бермеді, тек Қазақстанның энергетика министрлігіне әлі ресми сұраныс түспегенін айтты.
Еске салайық, бұған дейін Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай тапшылығы күшейіп, Иркутск облысы, Забайкалье өлкесі және Пенза облысында жоғары дайындық режимі енгізілгенін жазған едік. Осыған байланысты кей өңірлерде жүргізушілерге бір құйғанда 30-50 литрден артық бензин сатуға шектеу қойылды. Сарапшылар бұл жағдай Қазақстанмен шекарадағы көлеңкелі жанармай саудасының артуына, сондай-ақ Ресейден импортталатын авиациялық отын көлеміне әсер етіп, халықаралық әуе билеттерінің қымбаттауына және теңгеге қысым түсуіне себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді.
Оқыңыз