"Қазақтілді контент тапшы": Қазақстанда TikTok, YouTube және Instagram желілердегі контентті шектеу ұсынылды

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков қазақ тілді сапалы контент тапшылығы мәселесін көтерді. Ол TikTok, YouTube және Instagram платформаларындағы балаларға кері әсер ететін ақпаратты шектеуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың сөзінше, Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі - қазақ тіліндегі сапалы контенттің аздығы.
Оқыңыз“Бұл ұлттық қауіпсіздікке, идеологияға және болашақ ұрпақтың дүниетанымына қатысты мәселе. Бүгінде балалардың санасына мектепке бармай тұрып-ақ TikTok әсер етіп жатыр. Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің интернетті пайдалану уақыты бірнеше есе артады. Олар онлайн ойындарға, қысқа видеоларға және бақылаусыз контентке тәуелді болып, түрлі алгоритмдер арқылы таралатын ақпараттың ықпалына түседі. Бұл маңызды әлеуметтік әрі психологиялық мәселе”, – деді депутат.
Исабековтің айтуынша, қазақ тіліндегі балалар контенті, танымдық платформалар, анимация, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен тәрбиелік медиа жобалар қазір жаһандық цифрлық платформалардағы ақпарат ағынымен бәсекелесе алмай отыр.
“Соның салдарынан ұлттық мәдени код әлсіреп, шетелдік мәдени ықпал күшейеді. Қазақ тіліндегі сапалы цифрлық орта қалыптаспай жатыр. Қазіргі ақпараттық дәуірде мемлекеттің шекарасы жермен ғана емес, ақпаратпен де қорғалатынын түсінуіміз керек”, – деді ол.
Депутат мысал ретінде Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Германия және Түркияны атады. Оның айтуынша, бұл елдер цифрлық кеңістікті ұлттық идеологияны қалыптастыратын негізгі алаңдардың бірі ретінде қарастырады.
Депутаттың ұсыныстары:
- Қазақ тіліндегі сапалы балалар контентін дамытуға арналған нақты мемлекеттік стратегия қабылдау;
- Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу және ағартушылық шараларды күшейту;
- TikTok, YouTube, Instagram және басқа да цифрлық платформалардағы балалар психологиясына кері әсер ететін контентті шектеудің құқықтық және техникалық тетіктерін жетілдіру;
- Қазақ тіліндегі анимацияны, балалар киносын, ғылыми-ағартушылық және тәрбиелік медиа жобаларды мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру көлемін арттыру.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіге кіруін шектейтін заң жобасы талқыланып жатқаны туралы жазған едік.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды