Қарағандыдан Ташкентке жарысқа барған 15 футболшы ауырып қалды: Ата-аналар жұмыртқадан уланған болуы мүмкін деп отыр
Ташкентте спорттық жарысқа қатысуға барған Қарағандының 15 футболшысы ауырып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы блогер Денис Денски жазды. Оның мәліметінше, 31 қазан күні Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде таңғы ас ішкеннен кейін балалар мен ересектердің іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Бір тәуліктің ішінде 15 бала сырқаттанған.

Ата-аналар жұмыртқа жемеген сегіз баланың дін аман екенін айтады. Сондықтан олар балалар жұмыртқадан уланған болуы мүмкін деп күдіктеніп отыр.
Кейін Денис Денски Ташкенттегі дәрігер балаларға улану диагнозын қойғанын хабарлады. Ата-аналар медицина қызметкерімен арадағы әңгімені видеоға түсіріп алған. Дегенмен зертханалық сараптама нәтижелері әлі шықпағандықтан, балалардың неден ауырғаны әзірге анықталған жоқ.
Бұл жағдайға Қазақстанның Ташкенттегі елшісі де араласқан. Зардап шеккен балалардың ата-анасы тексеру қорытындысын күтіп отыр. Олар балаларға қажет көмек көрсетіліп, оқиғаның мән-жайы толық анықталады деп үміттенеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысынан күрес бойынша оқу-жаттығу үшін Жамбыл облысына келген 22 жасөспірім астан уланып ауруханаға түскені туралы жазған едік. Деректерге сай, олар шығу тегі әзірге анықталмаған гастроэнтеритпен уланған.