Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жігіт 15 жастағы қыздың интимдік суреттерін таратып, бопсалаған

қыз интимдік суреттер
Фото: Видеодан скрин

Жетісу облысының тұрғыны кәмелетке толмаған қыздың интимдік сипаттағы материалдарын заңсыз таратқаны үшін ұсталды. Күдікті қызды қорқытып, ақшалай сыйақы беремін деп алдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жетісу облысының полицейлері ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментімен және "Жаңа адамдар" жастар қозғалысымен бірлесіп, кәмелетке толмаған қыздың интимдік суреттерін заңсыз таратқан күдіктіні анықтады. Күдікті – Алакөл ауданының 22 жастағы тұрғыны.

Тергеу мәліметінше, ол TikTok арқылы кәмелетке толмаған қызбен танысып, кейін онымен мессенджерде сөйлескен. Қыздың сеніміне кіргеннен кейін оған қысым көрсетіп, қорқытып, сондай-ақ 20 мың теңге беремін деп алдап, интимдік сипаттағы фото және видеоларын жіберуге көндірген.

Кейін ол қыздан алған интимдік фото мен видеоларды мессенджердегі жабық арналарда таратып, одан ақша тапқан.
“Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ полицейлер оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр”, – деп жазды полиция.

Полиция ата-аналарға балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне мұқият қарауға кеңес береді. Мамандар балаларға бейтаныс адамдармен сөйлесудің қауіпті екенін түсіндіріп, ешқашан жеке фото немесе видеоларын бөтен адамдарға жібермеу керегін үнемі ескертіп отыруды сұрайды.

Полиция жастардың қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамай, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының өкілдеріне алғыс білдіреді.

Бұған дейін Маңғыстауда ер адам қызды интимді суреттерімен бопсалап, ақша талап еткені туралы жазған едік. 26 жастағы ер адам жәбірленушінің интимдік сипаттағы суреттерін әлеуметтік желілерде және туыстарына жариялаймын деп қорқытып, бір миллион теңге көлемінде ақша бопсалаған.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 07 Шілде, 2026 16:18