"Асқазанға шипа дейді": Кірпіден сорпа әзірлеп ішкен әнші Айдар Тұрғамбек жұрттың ашуын туғызды

“Жігіттер” квартетінің мүшесі Айдар Тұрғамбек әлеуметтік желіде жарияланған видеосынан кейін жұрттың сынына қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған кадрларда өнер иесі кірпіден сорпа әзірлеп, кейін оны камера алдында жеп көреді.
”Бүгін Алла шипа берсін деп кірпінің сорпасын ішейін деп отырмыз. Кірпінің еті асқазанға шипа дейді. Кірпінің еті майлы болады екен. Бірінші рет ішейін деп отырмын, хабарын айтармын”, – дейді әнші видеода.
ОқыңызВидео жарияланғаннан кейін әлеуметтік желі қолданушыларының бірі құқық қорғау органдарына жүгініп, оқиғаның мән-жайын тексеруді сұрады. Оның айтуынша, егер жануар видео үшін әдейі өлтірілген болса, бұл әрекет жануарларға қатыгездік көрсету туралы заң талаптарына қайшы болуы мүмкін.
“Үлкен аудиториясы бар танымал қазақстандық әнші кірпіден сорпа пісіріп, оны камера алдында жеді. Құқық қорғау органдарынан осы жағдайға тексеру жүргізіп, құқықтық баға беруді сұраймын”, – деп жазды ол Threads желісінде.
Пікір жазғандардың ойы екіге бөлінді. Бірі өнер иесінің әрекетін орынсыз деп атап, оны жауапкершілікке тартуды талап етсе, енді бірі асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Олардың сөзінше, видеода кірпінің қалай қолға түскені немесе оның әдейі өлтірілгені туралы нақты дәлел жоқ.
Кейбір пікір иелері жабайы кірпінің етін жеу денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін екенін де ескертті. Олардың айтуынша, кірпілер түрлі инфекциялар мен паразиттердің табиғи тасымалдаушысы болуы ықтимал.