Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аквапаркке 1,5 миллиард теңге: Қостанай облысы әкімдігі неге Рудныймен салыстырғанда қаладағы құрылысқа көп ақша бөлінгенін түсіндірді

Аквапаркке 1,5 миллиард теңге бөлінген
Фото: "Наша газета"

Қостанайдағы "Осьминог" аквапаркіне шамамен 1,5 млрд теңге бөлінуі және оның айналасындағы абаттандыру жұмыстары қоғамда талқыланып жатыр. Әкімдік бұл қаржының бөлінуі мен құрылыс жұмыстарына байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Наша газета” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мамыр айының соңында облыстық мәслихат өңірлік бюджетті нақтылап, құрылыс басқармасына "Осьминог" аквапаркіне шамамен 1,5 миллиард теңге бөлген. Оның 1 миллиард теңгесі нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға (жобада бұл реконструкция ретінде жүргізілуде), ал 387 миллион теңгесі жақын маңдағы автотұрақ салуға бағытталған. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл қаражат пен жоба туралы пікір білдірді.

“Аквапарк құрылысы мен абаттандыру – екі бөлек жоба. Оларды байланыстыру мүмкін емес, Бұл аумақтарды ретке келтіру керек. Себебі мұнда бір уақытта 500 адам болады. Сондықтан оларға көлік қоятын орын қажет екені түсінікті”, – деді Құмар Ақсақалов.

Ол сондай-ақ аквапаркке бөлінген қаржыны көршілес Рудный қаласының даму бюджетімен салыстырды. Рудныйға биыл небәрі 29 миллион теңге қарастырылған.

“Рудный бойынша ешқандай мәселе болмайды. Жылу да, басқа да мәселелер шешілген. Біз бәрін қарастырдық, республикалық бюджеттен қаражат түседі. Артық дүрбелең жасамау керек, бәрі қалыпты. Рудныйға жылдар бойы да қомақты қаржы бөлінді. Алдағы уақытта да бөлінеді. Түсінікті, қалада салық жүктемесі жоғары. Бірақ барлық ақша бір қалаға ғана бөлінбейді. Бізде 20 аудан бар, оларға да қаржы бөлу керек. Әкімдік те бюджетті әділ бөлуге тырысады”, – деп қосты әкім.

Журналистер аквапарк маңында балалар алаңы салына ма деп нақтылады. Бұған дейін ол құрылысшылар эскизінде көрсетілген еді.

“Бастапқыда тек аквапарк тұжырымдамасының визуализациясы болған. Ол жобалық сметалық құжаттама әзірленбей тұрып жасалған. Яғни балалар алаңы тек жалпы көрініс үшін салынған. Жоба бойынша ол қарастырылмаған”, – деді жоба жетекшісі Рауан Байгежин.

Қазір бұл аумақта құрылыс материалдары сақталып тұр. Жақын арада мұнда асфальт төселіп, электромобильдерге арналған зарядтау станциялары орнатылады. Өңір басшысы аквапарк жанынан үлкен мейрамхана салынатынын да атап өтті.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 17:55